Астанада химия пәнінен оқушылардың 57-ші халықаралық Менделеев олимпиадасы өтіп жатыр, деп хабарлады BAQ.KZ.
Оған Ресей, Аустрия, Сауд Арабиясы, Армения, Израиль, Өзбекстан секілді 21 елдің өкілдері қатысты. Командалар құрамы Ұлттық химиялық олимпиадалардың қорытындысы бойынша анықталды. Қазақстанның намысын 15 оқушы қорғайды.
Іс-шараның салтанатты ашылуында Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Каринова қатысушыларға сәттілік тіледі.
Бұл олимпиада жоғары деңгейлі пәндер жүйесінде ерекше орын алады. Оған қатысу – үлкен мәртебе, үлкен жетістік. Сіздер қазірдің өзінде олимпиадашы химиктердің ішіндегі ең дарындысысыздар! Әрине, балалардың интеллектуалдық әлеуетін қалыптастыруға септігін тигізетін мұндай шараны өткізу білім беру жүйесін дамыту үшін маңызы зор, – деді вице-министр.
Химиядан 57-ші халықаралық Менделеев олимпиадасының шеңберінде қатысушы командалардың жетекшілері, еліміздің білім беру ұйымдарының химия пәні мұғалімдері үшін дөңгелек үстелдер мен семинарлар және онлайн-конференциялар форматында іс-шаралар өтеді.
Мектеп оқушыларын химия олимпиадаларының түрлі кезеңдеріне дайындайтын әр өңірдің мұғалімдері мен олардың шетелдік әріптестері оқушыларды дайындаудың түрлі тәсілдері мен әдістерін талқылайды, сондай-ақ өз тәжірибелерімен және тың идеялармен бөлісетін болады.
Естеріңізге салсақ, олимпиада алты күнге созылады. Екі теориялық және бір практикалық үш тур болады. Күрделілігі бойынша бірінші турдың міндеттері мамандандырылған химиялық сыныптар бағдарламасына сәйкес келеді.
Екінші турда қатысушыларға химияның бес бөлімінен жоғары деңгейлі тапсырмалар ұсынылады. Органикалық, бейорганикалық, аналитикалық және физикалық химия, сондай-ақ тірі ғылым. Олимпиаданың практикалық туры химиялық талдауын орындау және ұсынылған әдістеме бойынша синтездеу бес сағатқа созылады. Ол оқушылардың химия зертханасында жұмыс істеу дағдыларын көрсетеді.