Елордада волонтерлік қозғалыс жыл санап қарқынды дамып келеді. Бұл туралы "Астана жастары" жастар ресурстық орталығының волонтерлік қозғалысты дамыту бөлімінің маманы Айзат Али айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ елорда әкімдігіне сілтеме жасап.
Оның айтуынша, бүгінде Астанада 50-ге жуық волонтерлік ұйым тұрақты негізде жұмыс істейді.
«Жыл сайын волонтерлік қызмет туралы ақпараттың артуына байланысты ерікті болуға ниетті азаматтардың саны да көбейіп келеді. Әсіресе балалар мен жасөспірімдер арасында волонтерлікке қызығушылық жоғары. Олардың бірі өзгелерге көмектесуді мақсат етсе, енді бірі шетелдік жоғары оқу орындарына түсу үшін портфолиосын жақсартуды көздейді», – деді ол.
Айзат Алидің сөзінше, волонтерлік ұйымдардың жұмысын үйлестіру мақсатында 2019 жылы Қалалық волонтерлер штабы құрылған.
Қалалық волонтерлер штабы алты жылдан бері «Астана жастары» орталығының базасында жұмыс істеп келеді. Бүгінде штаб 30 волонтерлік ұйыммен, 20 бастамашыл топпен және 4 үкіметтік емес ұйыммен тұрақты түрде ынтымақтастық орнатқан. Қазіргі таңда штаб құрамында 8 мыңнан астам белсенді волонтер бар, – деп атап өтті маман.
Волонтерлік ұйымдармен бірлескен жұмыстар аясында түрлі әлеуметтік және экологиялық бағыттағы жобалар жүзеге асырылып келеді.
«BizBirgemiz, «Қауіпсіз қала», «Қамқорлық мекенжайлары», «Ардагерлерді ардақтайық», Taza Alem, Taza Qazaqstan, Stop Vandal, «Марафон добрых дел», «Есірткісіз елорда» акциялары аясында барлығы 1310 іс-шара өткізілді. Бұл шаралар барысында азық-түлік себеттері таратылып, киім-кешек пен жиһаз жеткізілді, адамдарды іздеу және оқыту бағытында көмек көрсетілді, – деді Айзат Али.
Сонымен қатар қысқы кезеңде қаланың кәсіпорындарымен бірлесіп, жалғызбасты зейнеткерлер мен қарттардың аулаларын қардан тазалау жұмыстары жүргізілген.
Маман волонтерлердің жас ерекшелігіне де тоқталды.
«Астана жастары» волонтерлік қозғалысындағы еріктілердің орташа жасы – 15-16 жас. Ал Қалалық волонтерлер штабындағы волонтерлердің орташа жасы – 30. Бұл – көмек көрсетуге саналы түрде келген азаматтар, – деді ол.
Айзат Алидің айтуынша, волонтерлер атқарған еңбегі үшін ақы алмайды, алайда оларды ынталандыру маңызды.
Қазіргі таңда волонтерлерге мәдени іс-шаралар мен концерттерге билеттер беру арқылы қолдау көрсетіп келеміз. Волонтерлік қызметті еңбек өтілі ретінде есептеу мәселесі бірнеше рет көтерілгенімен, әлі заң жүзінде бекітілген жоқ, – деді ол.
2025 жылы елордалық волонтерлер республикалық және халықаралық деңгейдегі ірі іс-шараларға белсенді қатысқан.
«Астана жастары» волонтерлері 130-дан астам ірі іс-шараға қатысты. Соның ішінде Дженнифер Лопес пен Backstreet Boys концерттері бар. Бұл шараларға қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгерген 140 волонтер тартылды, сондай-ақ қытай, түрік, корей, итальян және неміс тілдерін білетін еріктілер де болды, – деді маман.
Экологиялық бағытта да ауқымды жұмыстар атқарылған.
«Taza Alem жобасы аясында 55 экосенбілік өткізілді. Оның ішінде Есіл өзенінің жағалауын тазарту бойынша 25 іс-шара ұйымдастырылды. 20 үкіметтік емес ұйымның қатысуымен 10 мыңнан астам волонтер мен 4 мың қала тұрғыны тартылды, – деді Айзат Али.
Сондай-ақ еріктілер 800 ағаш отырғызуға атсалысып, оның екі шарасы Мемлекет басшысының қатысуымен өткенін атап өтті.
«Қамқорлық мекенжайлары» жобасы аясында 70 жалғызбасты зейнеткерге көмек көрсетіліп, қар тазалау бойынша 40 акция ұйымдастырылды. Бұл жұмыстарға 3 мыңнан астам волонтер мен кәсіпорын қызметкерлері тартылды. Сонымен қатар Құрбан айт мерекесінде 1000 азық-түлік жиынтығы жеткізілді, – деп қорытындылады ол.