Алаяқ мемлекеттік бағдарламамен тұрғын үй алуға жәрдем беремін деп уәде беріп, ақшаны алған соң хабарсыз кеткен, деп хабарлайды BAQ.KZ polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Жәбірленуші алаяқтың сөзіне сеніп, 2 миллион теңгеден астам ақшасынан қағылған. Кейін алданғанын түсініп, полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгінген.
Жедел-іздестіру іс-шараларының барысында Байқоңыр ауданының криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері күдіктіні анықтады. Қаражатты алаяқтық жолмен иемденіп, материалдық шығын келтірген 35 жастағы әйел адам екені мәлім болды. Күдікті қылмысын мойындады.
Алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында күдіктінің тағы да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар екені анықталды, - деп жазылған хабарламада.