Елорда тұрғындары әлеуметтік желіде Астанада қар жауғаннан бастап кептеліс көбейгенін жазып жүрген еді. Алайда кеше Threads желісінде "Астана, не болып жатыр, не деген пробка мынау?" деген сынды жазбалар көптеп жазылды. Қаланың сол жағалауында күндегіден ерекше кептеліс болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Кеше Threads әлеуметтік желісінде 17:30-да жарияланып, бір кештің ішінде 1 мың лүпіл жинаған жазбалардың ішінде танымал блогер Айжан Байзақованың "Астана, не болып жатыр? Неге біз қатты кептелісте тұрмыз? Кім біледі?" деген жазбасы TOP-қа шықты.
Неліктен қатты кептеліс болып жатқанын сұраған жазбалардың ішінде kendebayeva есімді Алматыдан Астанаға қоныс аударған желі қолданушысының да жазбасы бар.
Алматының пробкасынан қашып, "Астанада тыныш жүрем" деп көшіп келіп едім… Астана да менімен прикол жасап жатыр. Астана, саған не болған? Мына пробка қайдан шықты? Жол қып-қызыл, Алматымен один в один. Жұмыстан үйге 2 сағатта әрең жеттім, - деп жазды ол.
.jpeg)
Күнде Мәңгілік ел даңғылының бойымен жұмысынан үйіне 40 минутта жететін қала тұрғыны Жайна Қамбарова да кешегі кептеліспен үйге жету уақыты екі есе ұзарғанын айтты.
Жұмыстан кешкі алты жарымда шыққанда 43-автобусқа отырып, жетіден кете үйге жетіп қоятынмын. Ал кеше күндегі уақытта шығып, үйренген маршрутыма мінсем де, жол бір жарым сағат уақыт алып, автобустан кешкі сегізде бірақ түстім, - деді қала тұрғыны.
Астана қаласы полиция департаментінен Астанадағы кептеліс себептерін сұрадық. Ол негізгі кептеліс жағдайлары Астанада таңғы және кешкі қарбалас уақытта байқалатынын айтты.
Таңертеңгі кептеліс уақыты таңғы 7:00-ден шамамен 9:00-ге дейін. Түскі уақытта шамамен 12:00-14:00 аралығы. Кешкі уақытта 17:00-ден басталып, 20:00-ге дейін жалғасады. Кептеліс уақыты ұзаруының негізгі себептердің бірі – ауа райы жағдайы. Бұл, әрине, жолдың өткізу қабілетіне әсер етеді. Осы жолы Астанада қар жауған кезде жалпы көлік қозғалысының жылдамдығы төмендеді, соның салдарынан көптеген учаскелерде көлік тығыны болды, - деді Астана қаласы полиция департаментінің Әкімшілік полиция департаменті басқармасының бастығының орынбасары Махамбет Төлешов.
Төлешов Астанада көлік санының жылдан жылға өсуі де кептеліс уақытының ұзаруына әсер ететін бірден-бір себеп екенін атады.
Жыл сайын қалада көлік саны өседі. Биыл былтырғыға қарағанда 20 мың көлікке артық тіркелген. Бұған қоса, қалаға тәулігіне 80 мыңға дейін көлік кіріп-шығады. Олар – транзиттік көліктер немесе қала маңындағы елді мекендердің тұрғындары. Яғни қалада тіркелген көліктерге күн сайын тағы 80 мыңға жуық көлік қосылады, - деді полиция департаменті өкілі.
Махамбет Төлешовтан Астана қаласының сол жағалауындағы кешегі кептелістің ерекше болуы немен байланысты екенін сұрадық. Тұрғындар оны Ресей әншісі Валерий Меладзенің концертінің болуы және Астанаға Иран президентінің келуімен байланыстырған еді.
Кешегі кептеліс себебін нақты айта алмаймын. Президенттер келген кезде жол қозғалысы өзгереді, бірақ ол ұзаққа созылмайды. Ең көп дегенде 5-10 минут қозғалыс шектеледі, кортеж өткен соң жол бірден ашылады. Бір-екі сағат бойы жолды жауып қою деген болмайды. Ал кеше концерттің болғанын білемін, бірақ оның жол қозғалысына әсері бойынша талдау жүргізілген жоқ, - деді маман.