Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Астана рекордтық көлемде инвестиция тартты

Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
12 Қыркүйек 2025, 14:27
575
Бөлісу:
 - архив/ BAQ.KZ
Фото: - архив/ BAQ.KZ

Астана қаласы еліміздің мәдени және әкімшілік орталығы ғана емес, сонымен бірге ірі бизнес орталыққа айналып келеді. Қаланың инвестициялық тартымдылығы жылдан жылға артып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Астана қаласы инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының инвестиция тарту бөлімінің жетекшісі Нұржан Әшімовтің айтуынша, 2024 жылы елордаға рекордтық көлемде – 2 трлн теңге инвестиция тартылған, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 13%-ға жоғары. Биылғы жеті айдың қорытындысы бойынша Астана инвестиция тартуда тағы да көш бастады: өсім 42%-ды құрап, жалпы көлемі 1,2 трлн теңгеге жетті.

Астана рекордтық көлемде инвестиция тартты
Фото: BAQ.KZ/Артём Чурсинов

Өнеркәсіп саласында да оң серпін байқалады. 2024 жылы қаланың өнеркәсіптік өндіріс көлемі 2,5 трлн теңгені құрап, 10%-дан астам өсім қамтамасыз етілді. Оның ішінде 2,4 трлн теңге – өңдеуші өнеркәсіптің үлесі. Биылғы мақсат – кемінде 7% өсімге қол жеткізу. Жыл соңына дейін құны 43 млрд теңге болатын 21 жаңа кәсіпорын іске қосылады деп күтіліп отыр, - деді ол.

Астанадағы №1 Индустриялық парк еліміздегі ең табысты өндірістік аймақтардың бірі саналады. Мұнда жалпы құны 350 млрд теңге болатын 139 жоба шоғырланған. Оның ішінде 82 кәсіпорын жұмыс істеп тұр, ал қалған 57-сі келесі жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі. Айта кетерлігі, қазірдің өзінде 11 жоба экспортқа бағытталған, олардың өнімінің 95%-ға жуығы шетел нарығына жіберіледі.

Инвестициялық климатты жақсарту үшін қала әкімдігі жанында екі фронт-офис жұмыс істейді. Олар “Astana Invest” қалалық даму орталығы және Астана қаласының даму орталығы. Олар инвесторларды өтінімнен бастап жобаны іске қосқанға дейін толық сүйемелдейді. Сонымен қатар әкімнің төрағалығымен құрылған өңірлік инвестициялық штаб проблемалық мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік беруде. Былтыр штабтың 21 отырысы өткізілген, - деп айтты сарапшы.

Шетелдік капиталдың негізгі ағыны Ресей, Түркия және Біріккен Араб Әмірліктерінен түсіп отыр. Нұржан Әшімовтің сөзінше, Астанада шетелдік және отандық инвесторларға бірдей жағдай жасалған: арнайы экономикалық аймақ аясында салықтық жеңілдіктер, сондай-ақ тегін жер телімі түрінде гранттар қарастырылған.

Елордаға жаңа инвесторлар келуіне біз әрдайым ашықпыз. Қазақстандық болсын, шетелдік болсын – барлығына тең жағдай жасалған, - деді Нұржан Әшімов.

Өзгелердің жаңалығы