Бүгін таңғы сағат 05.30-да полицияның "102" каналына Сарыарқа даңғылындағы көпірден ер адамның өзенге секіргені туралы қоңырау келіп түсті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оқиға орнына құрамында взвод командирі полиция капитаны Самат Сәбит, полк инспекторлары аға лейтенанттар Тасқын Сәкен және Ринат Мұхамеджанов бар патрульдік полиция экипажы дереу келді. Аталған орынға келгеннен кейін полицейлер суға батып бара жатқан адамды көреді. Бір секундты да жоғалтпай, Самат Сәбит жағаға жүгіріп барып, тез арада бушлат пен бас киімін шешіп, суға батып бара жатқан адамға көмектесу үшін мұзды суға кіріп кетеді. Осы уақытта Тасқын Сәкен көпірден құтқару шеңберін лақтырады, алайда ер адам ешқандай әрекет танытпайды.
Взвод командирі ер адамға жүзіп барып, оны ұстап алып әріптестері, құтқарушылар және жедел жәрдем бригадасы күтіп тұрған жағаға қарай тартып әкеледі.
Қуанышымызға орай, ер адамның күртешесі әлі суланып үлгермеген, ішіне ауа үріліп, оны су бетінде ұстап тұрған. Мен оны мықтап ұстап, жағаға сүйреп апардым. Бірақ мұзды суда аяғым тартылып, ұстап қалды, - деп еске алады полиция қызметкері.
Айта кетсек, Самат Сәбит ішкі істер органдарында 2011 жылдан бері қызмет атқаруда, төрт бала тәрбиелеп отыр.
Полицейлер 51 жастағы ер адамның мұндай қадамға баруының себептерін анықтауда. Болған оқиғадан кейін полиция жасағы қызметін әрі қарай жалғастырған.
Бұл полктің инспекторлары аға лейтенанттар Тасқын Сәкен мен Ринат Мұхамеджановтың жедел көмекке бірінші рет келуі емес.
Елордалық полицейлер тәулік бойы қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Кейде, адам өміріне байланысты жауапты шешімдерді дер кезінде қабылдау керек болады. Азаматтардың құқығымен жеке басын қорғау үстінде өз өмірін қатерге тігіп, ерлік жасап жүрген адал қызметкерлер аз емес.
Астана қаласының ПД патрульдік полиция полкінің қызмет инспекторлары Ринат Мұхамеджанов пен Сәкен Таскен ағымдағы жылы 22 маусымда күнделікті жұмысын атқару барысында Сарыарқа даңғылында орналасқан үйдің тұрғыны, 86 жастағы әже жедел-жәрдем шақырып, келген медицина қызметкерлеріне, есікті ашуға жете алмай құлап қалғаны туралы хабарлама қабылдаған. Аталған мекенжайға тез арада жеткен Ринат пен Сәкен құтқарушылардың келуін күтпей, өз өмірін қатерге тіге тұра, арқанмен жоғарғы қабаттан, 86 жастағы көмекке мұқтаж әженің пәтеріне кіріп, дәрігерлерге есік ашқан. Әжейге уақытылы көмек көрсетілді.
Ринат пен Сәкен осы жылдың 4 қыркүйегінде автопатруль экипажында кезекті жұмысын атқару кезінде, Молдағұлов көшесінде орналасқан үйдің тұрғындарынан, баланың төртінші қабатта ашық тұрған терезеден қарап тұрғаны туралы хабарламаны қабылдап, оқиға орнына дереу жетеді. Әлгі пәтер жабық болғандықтан, қызметкерлер еш ойланбастан 5-қабаттың терезесінен пәтерге кіруге шешім қабылдаған. Ринат өзін арқанмен байлап, терезеден түскен, ал Сәкен осы сәтте серігін сақтандырып тұрған. Пәтерде 3 және 1 жастағы екі бала болған. Қызметкерлердің жедел және сауатты әрекеттерінің арқасында бүлдіршіндер аман қалды.
Қос батырдың батыл да табанды іс-әрекеттері басшылық тарапынан бағаланып, қызметтік міндеттерін адал атқарғаны үшін Полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Марат Төлебаевтың бұйрығымен «Қазақстан полициясына 30 жыл" төсбелгісімен марапатталды.
Саматтай жігіттердің еңбегі елеусіз қалмаса екен, тіптен пәтер жалдап жүрген көпбалалы азаматқа пәтер сыйласа да артық болмас еді.