«Астана Операның» жас опера режиссері Халықаралық байқауда жеңімпаз атанды

31 Мамыр 2022, 09:08
1671
Бөлісу:
«Астана Операның» жас опера режиссері Халықаралық байқауда жеңімпаз атанды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Астана Опера» театрының режиссері Еренбақ Тойкенов Мәскеуде өткен «Нано-Опера» V Халықаралық жас опера режиссерлері байқауында жүлделі екінші орынды иеленді. 

Ол жоғары кәсіби дайындық деңгейін, шеберлігі мен шексіз шығармашылық дарынын, сондай-ақ Қазақстанның опералық режиссура саласындағы бәсекеге қабілеттілігін паш етті. 

Еренбақ Тойкеновтың шынайы таланты осынау беделді байқаудың басқа да аталымдарында мойындалды. Режиссер медиа төрешілердің құрамында болған ірі басылымдардың басшыларынан 2 арнайы сыйлыққа ие болды, оның бірі «Опералық режиссура өнеріне жасампаз көзқарасы үшін» сыйлығы, сондай-ақ біздің отандасымызға ең бағалы жүлде – көрермендер көзайымы бұйырды. 

«Астана Операның» жас опера режиссері Халықаралық байқауда жеңімпаз атанды

Жақында Еренбақ Тойкенов Digital Opera фестивалінің ақтық додасына қатысады, байқаудың басқа да жеңімпаздарына секілді, оған да шақыртуды фестиваль продюсері әрі бас директоры Надежда Абрамова берді. 

Салтанатты марапаттау рәсімі Мәскеу Үкіметінің министрі, Мәскеу қаласы Мәдениет департаментінің басшысы Александр Кибовскийдің алғы сөзімен ашылды. 200-ден астам қатысушының арасынан 10 үміткер іріктеп алынды, дегенмен армандаған жүлделі орындар үш жеңімпаздың қанжығасына байланды: бірінші орын Мария Фомичеваға бұйырды (Ресей, Мәскеу), екінші орынды – Еренбақ Тойкенов (Казақстан, Нұр-Сұлтан), үшінші орынды – Ирина Гаудасинская (Ресей, Санкт-Петербор) иеленді. 

«Астана Операның» жас опера режиссері Халықаралық байқауда жеңімпаз атанды

Қатысушылар жайлы айтсам, олардың барлығы театрлардың ысылған опера режиссерлері болып табылады. Келешекте олардың жұмысы жемісті болып, ұлы өнер өркен жаяды деген сенімдемін, – деп атап өтті Еренбақ Тойкенов.

Айта кету керек, бұл байқау жас режиссерлер үшін нағыз сынақ болды, себебі шығармашылық – олардың қызметінің маңызды бөлігі. Бұл жолы ол «Россия-К» телеарнасында тікелей эфирде көпшіліктің көз алдында өрбіді, қатысушылардың біразы үшін мұның аса күрделі болғаны белгілі. 

Байқау үш кезеңнен тұрды: біріншісінде қатысушылар ариямен, екіншісінде дуэтпен, үшіншісінде көпшілік көрініспен жұмыс істеді. Іріктеу кезеңінен өту үшін Еренбақ Тойкенов Дж.Пуччинидің «Турандот» опералық спектаклінің мазмұнын өз пайымдауымен ерекше етіп түсіндірді. Бірінші кезеңде, жеребе тастау нәтижесінде, оған Дж.Россинидің «Севильдік шаштараз» операсынан Фигароның каватинасын, екінші кезеңде Ж.Бизенің «Кармен» операсынан Хозе мен Эскамильоның дуэтін, үшінші кезеңде көрнекті француз композиторының жауһарынан хор мен секстет ұсыну керек болды. Үміткерлердің дайындалуға мүмкіндіктері болмады, оларға 10 минуттың ішінде өздерінің ойлап тапқандарын қас пен көздің арасында іске асыруға тура келді. 

Байқаудың соңы гала-концертке ұласты, «Стравинский» залында өткен концерттік бағдарламада жас режиссерлердің ең жарқын жұмыстары көрсетілді. 

Еске сала кетейік, мәскеулік «Нано-опера» байқауы қазылар алқасының құрамына мерейтойлық жылда төраға – заманымыздың көрнекті режиссері Дмитрий Бертман, алдыңғы қатарлы халықаралық опера театрларының көркемдік жетекшілері, директорлары мен режиссерлері, танымал театр менеджерлері мен продюсерлері енді. Негізгі қазылар алқасынан бөлек, байқауға атаулы сыйлықтарын тағайындаған медиатөрешілер – танымал БАҚ-тардың жетекші қызметкерлері де атсалысты. 

«Астана Операның» жас опера режиссері Халықаралық байқауда жеңімпаз атанды

Еренбақ Тойкенов Қазақстанға оралды, әуежайда оны достары, жақындары мен режиссердің жетістіктерін тікелей эфирде тамашалаған жанкүйерлері қарсы алды. Олардың арасында болған әріптестері Еренбақтың Қазақстанның опералық режиссура саласында бәсекеге қабілеттігілігін халықаралық деңгейде дәлелдеген алғашқы қазақстандық болғанын атап өтті. 

Өзгелердің жаңалығы