Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Куба Ұлттық балеті мен Ролан Пети атындағы Марсель Ұлттық балетінің жұлдызы, Хуан Карлос Патша атындағы университеттің «Алисия Алонсо» жоғары би институтының профессоры кубалық биші Линц Чанг 1-15 ақпан аралығында «Астана Операның» балет труппасында шеберлік сағаттарын өткізуде, деп хабарлады театрдың баспасөз қызметі.
Балет майталманы дүниежүзіне танымал, ол ең ірі шетелдік театрлармен жұмыс істейді, солардың қатарында Ла Скала, Рим Операсы, Сан-Карло,Үлкен театр және басқалары бар. Айта кетейік, белгілі әртіс «Астана Опера» театрымен бұрыннан таныс, себебі ол мұнда 2015 жылы Сан-Карло Театрының гастрольдік сапары аясында италиялық балет труппасының жетекшісі ретінде келген.
Линц Чангтың пікірінше, қазақстандық әртістер өз ісінің нағыз шеберлері – «мықты, техникасы керемет, мәліметті жеңіл қабылдайды».
Шеберлік сағаттары біздің жұмысымыздың ажырамас бөлігі, себебі ұмтылатын жайттар қашанда табылады. Әлемде балет мектептерінің түр-түрі бар, және біз үшін ең ірі әлемдік орталықтардағы жақсысын алу маңызды. «Астана Опера» басшылығы әйгілі ұстаздарды шақыратынына өте қуаныштымыз, бұл труппаға үнемі жақсы күйде болуға, өсуге жағдай жасайды, мұндай мүмкіндік кез келген театрда бола бермейді. Мен Линц Чангпен былтыр күзде Италияда оның шеберлік сағатына қатысқанда таныстым. Оның түрлі амал құру жүйесі мені сол кезде таңғалдырған болатын, онда үйлесімділікке арналған амалдар өте көп. Балет әлемінде кубалық мектеп айналу және ұсақ техникасымен әйгілі. Мұндай шеберлік сағаттары моториканы нығайтуға, «өзіңнің әлсіз тұстарыңды жетілдіруге» көмектеседі. Ролан Пети балеттерінің орындаушысы ретінде мен үшін бұл шеберлік сағаты табан сүйегін қатайтуға көмегін тигізді. Ролан Пети балеттерінде ұсақ техникалар өте көп, – деді «Астана Операның» жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әйгерім Бекетаева.
Линц Чангтың айтуынша, кубалық мектепте америкалық, француздық, италиялық, орыс мектептерінің әсері байқалады. Ролан Петидің труппасымен бірге Кубадан тысқары аумаққа, яғни Марсельге жұмыс істеуге кеткенде ол би мәнерлерін өз сабақтарында әртістерге үйрету үшін мұқият зерттеп, түрлі бағыттарды таңдаған. Әлбетте, би өнері үнемі даму үстінде және де уақыттың талабына сай келу үшін өз біліміңді үздіксіз шыңдау қажет.
Менің ойымша, қазір би эволюциясы жүріп жатыр, техника қатты өзгерді. Ұзын қатарлар, барлық қимылдар өте ірі, аршынды, сонымен қатар дәл әрі таза. Алайда бір ауық тоқтап, артқа қарау, әртістердің бұрын не істегеніне көңіл аудару қажет, бұл маңызды, себебі өткен жылдардың өте беделді бишілері бар. Мәселен, олардың пор-де-брасы керемет еді әрі ол классикалық мәнерге бәрінен де жақсы сәйкес келетін. Әртістерге өткенді де, қазіргіні де, болашақты да біріктіру маңызды, көрерменге көрсету үшін ең жақсысын жинауға тырысу керек. Кейін, өз кезегі келгенде, бар білетінін әртістердің басқа буынына үйретеді, ал олар – басқаларға, солай жалғаса бермек. Осылай өзгерістер болып тұрады, – деп ой тарқатты Линц Чанг.
Майталман адамның күллі әлемдегі жас әртістерге қайталаудан шаршамайтын басты қағидасы: «егер қазір ештеңе тыңдамасаң, келешекте ештеңе істей алмайсың».
Ұқыпты болып, ұстаздардың түзетулеріне баса назар аудару керек. Биші ұзақ сағат еңбектенуі, дайындық аяқталғаннан кейін студия бос болса, тағы қалып, өз-өзімен жұмыс істеуі тиіс. Оның үстіне, «Астана Опера» труппасының, меніңше, ең үздік көркемдік жетекші Алтынай Асылмұратовамен жұмыс істеудің бірегей мүмкіндігі бар. Екеуміз ұзақ уақыт бірге билеген едік, ол біртуар балерина, – деп қорытындылады Линц Чанг.