Онда оқушылар әскери өмірдің әліппесімен танысуға мүмкіндік алады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Шекарашылар қалашығы елорда маңындағы «Batyrlar» әскери-патриоттық орталығында ашылды. Бұл орталық былтырдан бері жұмыс істеп келеді. Мұнда өз тағдырын болашақта қарулы күштермен байланыстырғысы келетін жеткіншектер білім алады.
Мен қыз бала болғаныммен өз Отаныма деген сүйеспеншіліктің арқасында оны қорғағым келеді. Мен үшін өте қызық, өйткені біз үшін әрбір күн әртүрлі өтеді. Бұл жерде біз әскери өмірге дайындаламыз. Полигонға барамыз, саптық дайындықты, атысты және спорт түрі – әскери қоян-қолтық ұрысты үйретеді – дейді 10 сынып оқушысы Айдина Нұрғали.
Орталықтың ашылғанына көп уақыт өтпесе де, мұнда келетін балалар біраз нәрсені үйреніп үлгерген екен. Жеткіншектер офицерлер мен ардагерлер алдында бар білгенін көрсетті. Одан кейін шараға жиналғандар орталықтың аумағындағы жаңа нысан -шекарашылар қалашығының ашылуына қатысты. Қалашықтағы барлық дүние дәл мемлекеттік шекарадығадай жасалған екен.
Шекарашылар мұнарасы, бақылау жолағы, шекарадағы белгілер бәрі керемет. Осы жерде біздің балалар Астананың маңайынан шықпай, шекарада службаны қалай өткізу, қалай өту соның көп мәнісін үйренеді, - дейді «Әскери-патриоттық және іздестіру қозғалысы қауымдастығы» РҚБ төрағасы Аманжол Оразбаев
Расында да , мұнда аяқ басқан кез-келген адам дәл шекара сызығында тұрғандай сезінеді. Қалашық балаларды шекарашылар қызметімен жақынырақ таныстыру үшін таптырмас орын.
Ертеңгі күні әскерге баруға дайын болады, әскери борышын орындағаннан кейін ары қарай өзі шешім қабылдап, әскери қызметіне барамын дейтін жігіттер ары қарай контрактпен қызметке кетіп жатқан жағдайлар бар. Сондықтан, мұның келешегі бар,зор деп ойлаймын, - дейді ҰҚК саласының ардагері Сеитжан Қойбақов.
Жалпы «Batyrlar» әскери-патриоттық орталығы бұрынғы кезде мектеп болған ғимаратта орналасқан. Ардагерлер оны әкімдіктен ақысыз түрде жалға алып, оқушыларға арналған осындай нысанға айналдырыпты. Олар келешекте басқа да күштік құрылымдар шекарашылар секілді осы жерде өз қалашықтарын ашады деп сенеді.