4-5 шілде күндері аралығында Астана қаласындағы Beeline Arena спорт кешенінде қазақ күресінен балалар арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Астана қаласы «Қазақ күресі» федерациясының ұйымдастыруымен және Qazaq Kuresi Ассоциациясының қолдауымен өткізілетін чемпионатқа еліміздің барлық өңірінен 2012-2013 жылдары туған 300-ге жуық жас балуан қатысады.
Екі күнге созылатын додада балуандар 12 салмақ дәрежесі бойынша белдесіп, ел болашағы саналатын дарынды жас балуандар анықталады.
Qazaq Kuresi ассоциациясының бас директоры Дамир Бекбосынов елордада жарысқа қатысуға балалар және жасөспірімдер спорт мектептерінің жас спортшылары жиналғанын айтты.

Астана күніне орай балалар арасында қазақ күресінен алғаш рет ел чемпионаты өткізілгелі отыр. Оған әр өңірден іріктелген балалар қатысады. 2012-2013 жылдары туған балалар санаты алғаш рет қосылып отыр. Себебі осы уақытқа дейін қазақ күресі бұқаралық сипатқа ие болуы үшін ауқымды жұмыстар атқарылды. Бұқаралық сипатқа ие болғаннан кейін жаңадан жас санатын қосу керек деп шештік, - дейді ол.
11-12 жас - қазақ күресіндегі ең жас санат. Сол себепті әр өңірден бір спортшы бір салмақ дәрежесі бойынша бақ сынайды.
Стратегиялық бағытымыз - халықаралық кешенді ойындар бағдармасына кіру, - деп жоспарын бөлісті Дамир Бекбосынов.
Qazaq Kuresi ассоциациясының бас директоры өңірлерден келген балалардың қауіпсіздігі басты назарда екенін қоса кетті.

Балалардың қауіпсіздігі бойынша жауапкершілік жаттықтырушылардың мойнында. Жаттықтырушылар кәмелетке толмаған спортшыларды жарысқа әкелу үшін ата-аналарынан сенімхат алып, оны нотариуспен бекітеді. Оған қоса бұл жарыстың өтетіні жайлы ақпарат 3-4 ай бұрын айтылды. Жалпы спортшылардың көбі автокөлікпен емес, пойызбен келіп жатыр деп ойлаймын. Бірақ жалпы балалардың жолдағы қауіпсіздігі бойынша ескерту жұмыстарын жүргіземіз. Егер жарысқа шығу мүмкіндігі тек көлікпен болса, онда полиция департаментінің экипажымен шығарып салу мәселелерін қолға алуды бапкерлерге алдын ала ескертіп отырамыз, - деп түсіндірді Бекбосынов.
Еске сала кетейік, бүгін салмақ өлшеу, жеребе тарту рәсімі өтіп жатыр. Ал 4-5 шілде күндері елордалықтар мен қала қонақтары жарысты көре алады.