Астанада мектеп оқушыларына “Әдемі әлем” шығармашылық мамандықтар көрмесі өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Биыл жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланғанына байланысты біз ақпан айының соңында техникалық мамандықтардың үлкен көрмесін өткіздік. Ендігі кезек шығармашылық мамандықтарға беріліп отыр. Мақсатымыз мектеп оқушыларына әр мамандықтың маңызын түсіндіру, – деді Астана жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Арайлым Сапарәлі.

Ол іс-шараға Сарыарқа ауданы бойынша 13 мектептен 9-11 сынып аралығындағы 300-ге жуық оқушыны кезек-кезек әкелу жоспарланғанын айтты.
Астанада техникалық және кәсіптік білім беретін 35 колледж бар. Олардың 7-еуі шығармашылық мамандықтарға оқытады. Көрмеде оқушылар сол оқу орындарындағы Шаштараз өнері, Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу, Дизайн, Флористика мамандықтарымен танысады, - деді Арайлым Сапарәлі.
.jpeg)
Сондай-ақ көрмеде аталған мамандықтар бойынша сабақ беретін оқытушылар мен студенттердің шеберлік сыныптары өтіп жатыр.
.jpeg)
Біз көрмеге келген оқушыларға болашақ мамандықтары туралы мастер-класстар өткізу үшін келдік. Мен Басқару колледжінің Графикалық дизайнер мамандығында оқимын. Біз көбінесе компьютерлік бағдарламалармен жұмыс істейміз. Бірақ осындай академиялық білімдер өте маңызды, - деді сурет салып отырған студент Елназ Сламшаикова.
.jpeg)
Астана қаласы әкімдігінің “Астана Жастары” жастар ресурстық орталығы М.Өтемісов атындағы Оқушылар сарайы және елорда колледждерінің бірімен бірігіп ұйымдастырған “Әдемі әлем” көрмесіне №11 мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы Аида Алтаева да келді.

Мен киім дизайнері болғым келеді. Көрмеде сурет салу бойынша мастер-классқа қатысып, дизайнерлермен сурет салдым, оюлар тіктім. Өзім түскім келетін колледжді таңдадым, - деді ол.

Айта кетейік, іс-шара жұмысшы кәсіптерін дәріптеу, кәсіптік білімге деген қызығушылық пен құрметті арттыру, ұлттық сәндік-қолданбалы өнерге деген сүйіспеншілікті ояту, техникалық және кәсіптік білім беру жұмысшы мамандықтарының беделі мен имиджін арттыру, сондай-ақ елордалық мектептерінің оқушыларына шығармашылық бағыттағы жұмысшы біліктіліктері бойынша кәсіптік бағдар беру мақсатында өткізіледі.
.jpeg)