Astana Hub пен "Бәйтерек" жеңілдетілген несие мен қолдау арқылы жаңа жобаларды бастайды

Astana Hub пен "Бәйтерек" холдингі стартаптар мен IT-экспортты дамыту үшін күш біріктіреді.

 Astana Hub инновациялық кластері Бүгiн 2026, 19:11
Бүгiн 2026, 19:11
164
Фото: Astana Hub инновациялық кластері

Бүгін Digital Qazaqstan 2026 халықаралық цифрлық форумы аясында Astana Hub инновациялық кластері мен «Бәйтерек» Ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ ынтымақтастық орнатты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Құжатқа Astana Hub бас директоры Мағжан Мадиев және «Бәйтерек» Ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин қол қойды.

Басты назар технологиялық кәсіпкерлікті дамытуға және IT-компаниялардың қаржылық қолдау құралдарына қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған. Бұл Astana Hub қатысушылары мен «Бәйтерек» холдингінің құрылымдары арасындағы өзара іс-қимылды күшейтіп, стартаптарды іске қосу кезеңінен бастап халықаралық нарықтарға шығуына дейін кешенді қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.

Бұл – IT-компанияларға қолдау көрсетудің қаржылық инфрақұрылымын күшейтетін стратегиялық серіктестік. Бүгінде стартаптардың дамуына өтімділік пен қаржыландыруға қолжетімділіктің шектеулі болуы кедергі келтіріп отырғанын көріп отырмыз. Осы мәселені шешу үшін «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, стартаптарға арналған жеңілдетілген несиелеудің жаңа тетігін пысықтап жатырмыз. Компания үлесін материалдық кепілсіз қамтамасыз ету мүмкіндігі де қарастырылуда. Холдинг құралдары мен экожүйе мүмкіндіктерінің үйлесуі қаржыландыруға қолжетімділікті кеңейтіп, жобалардың ауқымын ұлғайтуға және олардың жаһандық нарықтарға шығуын жеделдетуге ықпал етеді, – деді Astana Hub бас директоры Мағжан Мадиев.

Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарына бірлескен қолдау бағдарламаларын іске қосу, мемлекеттік кепілдік тетіктерін пайдалана отырып банктік қаржыландыруға қолжетімділікті кеңейту, сондай-ақ акселерациялық және инвестициялық бағдарламаларды дамыту кіреді. Экспорттық әлеуеті бар жобаларға ерекше назар аударылады. Тараптар қазақстандық IT-шешімдерді сыртқы нарықтарға, соның ішінде Орталық және Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне және өзге де әлеуеті жоғары өңірлерге бірлесіп ілгерілетуді, сондай-ақ технологиялық компанияларды халықаралық жеткізу тізбектеріне кіріктіру үшін жағдай жасауды көздейді.

Меморандум аясында «Бәйтерек» холдингі тарапынан еншілес ұйымдардың құралдары пайдаланылатын болады. Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі экспорттық келісімшарттарды сақтандыруды, міндеттемелердің орындалуына кепілдік беруді және экспортқа дейінгі қаржыландыруды қамтамасыз етеді. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры банктік қаржыландыру алу кезінде кепілдік қолдау мен пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялауды ұсынады. Qazaqstan Investment Corporation технологиялық жобаларға инвестициялық қолдау көрсетеді. Бұдан бөлек, тараптар Astana Hub қатысушылары үшін холдинг базасында жобаларды іске асырудың барлық кезеңінде сүйемелдеуді қамтамасыз ететін «бір терезе» қағидаты бойынша инвестициялық алаң қалыптастыру мүмкіндігін қарастырып отыр.

Технологиялық кәсіпкерлік бүгінгі таңда елдің экономикалық саясатының басым бағыттарының бірі. «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі қаржылық құралдардың кең ауқымына ие, ал Astana Hub стартаптарды дамытуға арналған бірегей экожүйе қалыптастырды. Меморандум осы мүмкіндіктерді біріктіріп, IT-компанияларды жүйелі қолдауға жол ашады. Бұл ретте қаржыландыру мен кепілдік тетіктеріне қолжетімділік, сондай-ақ экспорттық нарықтарға шығу кезінде сүйемелдеу қарастырылады, – деді «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингінің басқарма төрағасы Рустам Карагойшин.

Адам капиталын дамыту бағытында тараптар сараптамамен алмасуды, сондай-ақ холдинг мамандарының қатысуымен білім беру және менторлық бағдарламаларды іске қосуды көздейді. Бұл бастамалар қаржылық модельдеу, инвестиция тарту және халықаралық деңгейде даму құзыреттерін нығайтуға бағытталады.

Ынтымақтастық отандық технологиялық шешімдердің дамуына қосымша серпін беріп, олардың халықаралық нарықтардағы қатысуын кеңейтеді және тұрақты қолдау көрсетіп, ауқымын ұлғайтуға жағдай жасайды. Осылайша, Цифрландыру және жасанды интеллект жылының міндеттерін іске асыруға нақты негіз қалыптасады.

Наверх