Елордада Астана халықаралық форумы өз жұмысын бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Форум «Диалог арқылы сын-қатерлерді еңсеру: ынтымақтастық, даму және прогресс жолында» тақырыбында өтіп жатыр.
Форум Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өтіп жатыр. Форум барысында әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған үздік сарапшылар қазіргі кездегі жаһандық мәселелердің шешімін табу мақсатында бас қосты.
Форумға мемлекеттер мен үкіметтердің, халықаралық ұйымдар мен ірі компаниялардың басшылары, саяси қайраткерлер мен сарапшы топтарының өкілдері қатысады.
ХВҚ, ДСҰ, АДБ, ЕҚДБ, ЕҚЫҰ, ЮНЕСКО, ШЫҰ, ЕҚЫҰ ПА басшылары, ЭЫДҰ және АҚШ сауда миссиясының өкілдері, сондай-ақ шетелдік инвесторлар кеңесінің мүшелері бар 300-ден аса шет ел делегаттары екі күн ішінде мемлекетаралық ынтымақтастық және жаңа жаһандық әріптестікті қалыптастыру модельдерін қарастырады.
Қонақтар қатарында Катар мемлекетінің Әмірі Шейх Тамим бин Хамад Аль Тани, Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаров, Босния және Герцеговина Президиумының төрағасы Желька Цвиянович, Дүниежүзілік сауда ұйымының бас директоры (ДСҰ) д-р Нгози Оконджо-Ивеала, Біріккен Ұлттар Ұйымының білім, ғылым және мәдениет жөніндегі бас директоры (ЮНЕСКО) Одрэ Азуле, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары және Біріккен Ұлттар Ұйымының Азия мен Тынық мұхит Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының (АТМЭӘК) атқарушы хатшысы Армида Алисжахбана, Халықаралық Валюта Қорының басқарушы директоры (ХВҚ) Кристалина Георгиева және тағы басқалар бар.
Екі күнге созылатын форумда қатысушылар 4 негізгі бағыт бойынша мәселелерді шешудің жаңа жолдарын қарастырады.
Олар:
- Сыртқы саясат және халықаралық қауіпсіздік;
- Халықаралық даму және тұрақтылық;
- Энергетика және климаттың өзгеруі;
- Экономика және қаржы.
Форум аясында осы бағыттар бойынша 40-тан астам панельдік сессиялар, бейресми пікірталастар және басқа да бағдарламадан тыс іс-шаралар өткізіледі.
Форумның стратегиялық серіктестері: БҰҰ және CNN.
БҰҰ жоғары деңгейдегі спикерлерді ұсыну және өздерінің бірнеше агенттіктерінің қатысуын қамтамасыз ету арқылы іс-шараға қолдау көрсетеді.
CNN – стратегиялық медиа серіктес.