Астана автобустарында жол ақысын төлеудің жаңа тәсілі енгізіледі

26 Тамыз 2023, 13:28
679
Бөлісу:
Астана автобустарында жол ақысын төлеудің жаңа тәсілі енгізіледі
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Елорданың қоғамдық көліктерінде жол ақысын төлеудің жаңа тәсілдерін енгізу кезінде барлық бағыттағы автобустарда валидаторлар ауыстырылады, деп хабарлайды BAQ.KZ Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Олардың орналасуы өзгермейді – барлық есіктердің жанында, қазіргі қолданыстағыдай.

Енді QR-код және «Transcard» көлік картасы арқылы төлем түрлеріне қосымша NFC технологиясы және Bluetooth арнасы, екінші деңгейдегі банктердің картасымен төлеу мүмкіндігі болады.
Төлемдердің жаңа арналары бірте-бірте енгізіледі.

NFC арқылы төлем жасау үшін телефонды немесе смарт сағатты тікелей валидаторға тигізу керек болады. Валидатордың қауіпсіздігі дүкендердегі POS-терминалдардан еш айырмашылығы жоқ.

Bluetooth арнасымен төлеу «Avtobys» мобильді қосымшасы арқылы іске асырылады. Бұл виртуалды төлем әдісі мобильді қосымшадағы жеке шоттың балансынан ақы алу арқылы жүргізіледі. «Avtobys» мобильді қосымшасын App Store, Google Play, AppGallery жүктеп алуға болады.

Банк картасымен төлем Қазақстанның барлық екінші деңгейдегі банктерінің банк карталарымен жасалады.

Өзгелердің жаңалығы