"Астана" атауы әлемге танымал, сондықтан оны қайта жарнамалаудың қажеті жоқ. Бқл туралы «Рухани жаңғыру» ҚҚДИ арнайы жобалар басқармасының менеджері Жақсыбек Ақтілеу айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Астанамыз - Астана болды! Өз басым "Нұр- Сұлтан" деген атауға үйрене алмай-ақ қойдым. Осы уақытқа дейін "Астана" деп атап келдім. Ел аузында "Астанаға барам", "Астанадан келе жатыр" деген сөздерді жиі естимін. Халықтың тілеуі орындалды. Депутаттар Астананы қайта атау қосымша қаржылық шығыстарды талап етпейді деп отыр. Солай болғаны дұрыс. Шынымен де бас қаланың тарихи атауының қайта келуіне үлкен қаржат жұмсалмайтыны анық. Біріншіден, "Астана" атауы әлемге танымал, сондықтан оны қайта жарнамалаудың қажеті жоқ. Екіншіден, ономастикалық инфрақұрылымдық объектілерге (көрсеткіштер, тақтайшалар және т.б.) өзгерістер енгізуді ағымдағы әкімшілік шығыстар шеңберінде жүзеге асыруға және тозуына қарай бәрін ауыстыруға болады. Үшіншіден, тіпті ағымдағы шығыстар болашақта ұзақ мерзімді перспективада туризм мен сауданы жандандырудан түсетін кірістердің өсуімен өтелетін болады. Енді Астана деп ресми айта берсеңіздер болады. Құтты болсын ағайын!, - деді «Рухани жаңғыру» ҚҚДИ арнайы жобалар басқармасының менеджері Жақсыбек Ақтілеу.
Сондай-ақ астана атауына қатысты пікірін ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ аға сарапшысы Айжан Молдағалиева да айтты.
Астана атауын қайтару мәселесі қоғам тарапынан ұзақ уақыт бойы талқыланып келе жатқан өзекті тақырыптардың бірі екендігі бәрімізге мәлім. Ал бүгінгі Парламент палаталарының бірлескен отырысында Астананың бұрынғы атауын қайтару мәселесі оң шешімін тапты. Бұл шешім ең алдымен, сындарлы диалог жүргізуге, азаматтардың шағымдарына, сұрау салуларына, ұсыныстарына тез әрі уақтылы ден қоюға дайын, сонымен қатар, қоғам бірлескен шешімдер қабылдау процесіне тартылған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нәтижелі көрінісі. «Бірлігі жоқ ел тозар, бірлігі күшті ел озар» демекші, әрқайсымыздың бірлікті жан-жақты нығайтып, әділеттілік қағидаттарын берік ұстанатын мықты, табысты ұлт болуымызға және көпшілік қалың қауымның бүгінде пікіріне құлақ асуы мен оны ескеруі – мемлекеттік жүйені, ұлтты жаңғырту жолындағы басты әрі маңызды қадам, - дейді ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ аға сарапшысы Айжан Молдағалиева.