Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. 25 наурыз күні республика көлемінде Елбасы саясатының бағыты мен Президенттің Астана қаласын қайта атау жөніндегі бастамасын қолдауға арналған салтанатты шаралар ұйымдастырылды. Қоғамдастық және мәдени-әлеуметтік сала өкілдері мен жастардың басын қосқан осындай шара Өскемен қаласындағы Драма театрында да өтті.
«Қазақстан Астанасының атауы – Нұр-Сұлтан болып өзгергенін шығысқазақстандықтар қолдайды!», - міне, осы сөздермен бүгінгі салтанатты шараның шымылдығы ашылды. Жалпы, бүгін мұндай жиын Семей қаласының Абай атындағы драма театрында, сондай-ақ Өскемен қаласындағы бірнеше ауыр өнеркәсіп ошақтарында ұйымдастырылып, түрлі салада қызмет ететін мыңдаған шығысқазақстандықтардың басын қосты.
«Бабаларымыз қастерлеген Наурыз биыл еліміз үшін тарихтың жаңа парақтарын ашты. Қазақстанымыздың бүгінгі жетістіктері мен кемел келешегі тек Тұңғыш Президентімізбен байланысты. Елбасымыз мемлекетіміздің іргесін қалап, халықаралық аренадағы абыройын асқақтатқан кемеңгер саясаткер. Кеңестік кезеңнің ауыр мұрасынан арылтып, болашақ жолын дұрыс таңдаған Елбасымызға бүгін ерекше құрмет көрсетеміз», - деп жиын барысында сөз бастаған облыс әкімі Даниал Ахметов Нұрсұлтан Назарбаевтың өңірімізге тікелей қатысы бар ең үлкен мәселені шешкенін алға тартты. Ол Семей ядролық полигонының жабылуы.
Әлемдік деңгейде танымал саясаткердің есімін Елордаға берудің орынды екенін айтқан өңір басшысы, отыз жылға жуық уақыт аралығында өңір экономикасы қарыштап дамып, еліміздің өндіріс саласындағы флагманына айнала білгенін тілге тиек етті.
«Елбасы мен Елорда егіз ұғым. Осы себепті оның есімін астанамызға беру бірінші кезекте халықтың оған деген шексіз алғысы деп ойлаймын. Мұның бір дәлелі – өңірдегі еңбек ұжымдарының білдірген алғысы. 21 наурыз күні ғана Елбасыны қолдаған қол қоюшылар саны 10 мыңнан асып жығылса, бүгінде 20 мың адамнан асты. Орталық Азия мемлекеттеріне келетін инвестицияның 70 пайызын Қазақстанға тарта білген Елбасымыз, ширек ғасыр аралығында елімізге 300 миллиард АҚШ долларынан астам инвестиция тартқан. Осы уақыт аралығында ішкі өнім 25 есеге өскен», - деп қосты Даниал Ахметов.
30 жылда облыстың ішкі өнімі 90 есеге өсіп, тұрғындардың банктердегі депозиттері 1,5 миллиардтан 400 миллиард теңгеге жеткен. Тұрғындар сатып алған автокөлік саны 6 есеге артып, 3,5 триллион теңгеге жуық инвестиция тартылды. Елді мекендерге таза ауызсу тартылып, әрбір тоғызыншы облыс тұрғыны баспанамен қамтылды.135 мектеп, 125 балабақша салынып, әлемдік деңгейдегі аурухана, робототехникалық және трансплантологиялық, бірінші және екінші деңгейлі инсульттік орталықтар бой көтерді.
«Осының барлығы Елбасымыздың жүргізген сындарлы саясатының арқасында іске асты. Медицинадағы жетістіктер өңір тұрғындарының өмір сүру орта жасын 64 жастан 72 жасқа дейін жеткізді. Қысқа ғана уақыт ішінде еліміз қарыштап дамып, дамыған елу елдің қатарына енді», - деді облыс әкімі.
«Бүгін біз саяси тұрақты мемлекетте өмір сүреміз. Бұл Елбасымыздың арқасы. Тәуелсіздіктің қайнар көзінде ел тізгінін қолға алған Нұрсұлтан Әбішұлы аз ғана уақыт ішінде еліміздің экономикасын жоғары деңгейге жеткізді. Экономикалық даму өз кезегінде спорт саласына назар аударуға мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта еліміздің көптеген аймағында түрлі спорт нысандары салынып, болашақ ұрпақтың әлемдік ареналарда еліміздің көк туын желбіретулеріне жағдай жасады. Әр Олимпиада ойындарының алдында Елбасымыз ел құрамасымен кездесіп, ақ батасын беретін дәстүр бар. Мен осындай кездесулерде Тұңғыш Президентпен бірнеше рет жүздесу мәртебесіне ие болдым», - дейді Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова.
Әлемде астаналарын ел негізін қалаған адамдардың есімімен атаған мемлекеттердің аз еместігін алға тартқан спортшы жеңіс тұғырына әр шыққан сайын Қазақстанды мақтан тұтатынын айтты.
Мерекелік кеш соңы республика және халықаралық деңгейде танымал әншілердің, этномәдени орталықтар мен шығармашылық ұжымдардың концертіне ұласты. Ал Драма театрының кіреберіс фойесінде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кітаптары мен Шығыс Қазақстан облысында болған іссапарларында түсірілген фотосуреттердің көрмесі ұйымдастырылды.