Ассамблея өкілдері: Аштықта жеген құйқаның дәмі ұмытылмайды

1 Наурыз 2019, 19:44
3455
Бөлісу:
Ассамблея өкілдері: Аштықта жеген құйқаның дәмі ұмытылмайды
Фото: автордан

Орал, BAQ.KZ тілшісі. Орал қаласындағы «Алғыс айту» күніне орай ұйымдастырылған мерекелік шара корей ұлтының өкілдері тұрғызған «Қазақ халқына мың алғыс» монументінің жанынан бастау алды.

Шараға облыс әкімі, Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Алтай Көлгінов арнайы қатысып, бүгінгі күннің ерекше маңызға ие екенін айтты.

«Бұл ерекше мереке. Себебі барлығымыз біртұтас мемлекет ретінде бір шаңырақтың астында еңбек етіп келеміз. Сол бірліктің арқасында Қазақстан дамып келеді. Сондықтан, осы Ассамблея күні Елбасының ұсынысымен алғыс айту күні ретінде жарияланды. Бұл біздің ортақ тарихымызға деген үлкен құрмет. Алғыс айту күні – біздің ортақ тарихымызды құрметтеудің белгісі және достық пен бірліктің жарқын үлгісі бола тұра, ел азаматтарының ынтымағын арттыруға ықпал ететін мереке»,- деп атап өтті өңір басшысы.

Жиынға Ақжайық өңірін ортақ отаны санайтын сексеннен астам ұлт пен ұлыс өкілдері, қоғамдық ұйымдар жетекшілері мен белсенді жастар қатысты.

«Біз осындай мейірбан жандардың арқасында аман қалғанымызды тағдырдың сыйы деп білеміз. Бірліктің арқасында тату-тәтті, бақытты тірлік кешіп жатырмыз. Кеудеміздегі талай жылғы алғыс пен құрмет сезімін міне осы «Қазақ халқына мың алғыс атты» монументіміз арқылы білдіргіміз келді, - дейді корейлер.

Бүгінде Бөрлі аудандық мәслихатының депутаты болып қызмет атқаратын Виталий Ан үшін де бұл күннің мән-маңызы ерекше. Ол жыл сайын осынау мазмұнды шараға белсене қатысатынын айтады.

«Мен бүгін барша корейлердің атынан қазақ халқына алғыс айтқым келеді. Өйткені, кеңпейіл қазақ халқы қиын-қыстау шақтарда бізді бауырына басып, бір үзім нанымен бөлісті. Сондықтан, құрметіміз шексіз, тілегіміз де ортақ. Ол аспанымыздың ашық болуы, ортақ шаңырағымызда береке-бірліктің болуы ғана»,- дейді ол.

Ассамблея өкілдері: Аштықта жеген құйқаның дәмі ұмытылмайды  

Әр жылдары Қазақстанға мыңдаған өзге ұлт пен ұлыс өкілдері жер аударылғаны белгілі. Тағдыр теперішін тартқан талай жан қазақтың кең даласындай дархан көңілін көрді, мейірім-шапағатын сезінді.

«Мына мәрмәр монументтегі жүректі көкке қарай аялай көтерген қос алақанның мағынасы тереңде. Ал, тасқа қашап жазылған «Қазақ халқына мың алғыс!» деген сөзді әр жылдары елімізден пана тапқан барша ұлт пен ұлыстардың ұрпақтары ұмытпай айтып жүр»,- дейді аймақтық «Ағайын» қауымдастығының төрағасы, белгілі қоғам қайраткері Мақсот Берген.

Ассамблея өкілдері: Аштықта жеген құйқаның дәмі ұмытылмайды

Қиын-қыстау жылдары Қазақстанға 800 мыңдай неміс, 102 мың поляк, 19 мың корей, 500 мыңнан астам солтүстік кавказ халықтарының өкілдері жер аударылды. Олардың барлығы да қазақ деген мейірбан халықтың жақсылығын ұмытпайды. Бүгінгідей мереке де татулық пен достықты ту еткен мемлекетте адамның адамға құрмет көрсететін күні, барлық ұлттың бір-біріне және қазақтарға алғыс айту күні. Бұл оралдағы «Достық Үйінде» бас қосқан Ассамблея өкілдерінің ортақ пікірі. 

«Алғыс айту күні біздің ортақ тарихымызды құрметтеудің белгісі және ынтымақ-бірлігімізді арттыруға ықпал ететін мереке», - дейді өңір басшысымен кездесіп, ел мен жерге ризашылықпен батасын берген аға ұрпақ өкілдері.

Дөңгелек үстелдегі салтанатты жиынға ел ағалары және ақсақалдар, Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылымдық бөлімдерінің төрағаларымен мүшелері, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының мүшелері, Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының Достық клубтарының төрағалары қатысты. Аузы дуалы ақсақалдар тұтастықты ту еткен халықтардың бірлігі бекем болсын деген тілек айтып, ақ батасын берді.

«Халқымыздың өзі «Жаңбырменен жер көгереді, батаменен ер көгереді» деп тегін айтпаса керек. «Жақсы сөз жарым ырыс» екеніне сенген халық батаны әрбір жақсылықтың бастауы деп есептейді. Оған терең мән беріледі. Ақсақалдарымыздың сөздері біздің күнделікті өмірімізде ісіміздің алға басуына, тұрмысымыздың оңалуына игі әсерін тигізіп қана қоймай, ол ұрпақ тәрбиесінде де айрықша рөл атқарып келеді. Ол – халықтық тәрбиенің қайнар көзі, ол – заман таңбасы, әр дәуірдегі тәрбиенің пәрменділігін арттыру үшін қолданылған тәсіл деуге тиіспіз. Бүгінгі таңда біз үлкендеріміздің өсиетті сөздерінің мән-мағынасын жете түсініп, қасиетін пайымдап, ұлттық тәрбиеміздің ажырамас бір бөлігі, салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыздың озық үлгісі ретінде қабылдап отырмыз. Өскелең ұрпақты атадан қалған сөздер бірге, одан дұрыс тәрбие алуға тырысуға үйретуіміз қажет»,- деп атап өтті өңір басшысы.

Ассамблея өкілдері: Аштықта жеген құйқаның дәмі ұмытылмайды

Сөз сөйлегендер қатарында Ақжайық ауданының құрметті ақсақалы Нәсіпқали Қайрхомов, Бөкейордасы ауданының құрметті ақсақалы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, педагогика саласының ардагері Шайхолла Елемесов, облыстық Қазақстан Халқы Ассамблеясының ақсақалдар алқасының мүшесі Александр Ялфимов сынды азаматтар бар. Жиын соңында «Алғыс айту күніне» орай еліміздің рухани жаңғыруына атсалысып, жастарды тәрбиелеп, салт-дәстүрлердің сақталуына үлес қосып жүрген ақсақалдарға және этномәдени бірлестіктеріне алғыс хаттар табысталды.

Ассамблея өкілдері: Аштықта жеген құйқаның дәмі ұмытылмайды

Мерекелік шаралар қаланың әр түкпірінде ұйымдастырылды. Бұл күні дәстүр бойынша өз кәсібіне адалдық танытып жүрген сан түрлі мамандық иелеріне зор алғыс айтылды. Түрлі деңгейдегі марапаттар да өз иелерін тапты. Бастысы, буыны бекіп, байрағы биіктен желбіреген елдің ұлты басқа болса да - ұраны бір, тілі басқа болса да - тілегі бір тұрғындарының мақсат-мұраты ортақ. Ол ынтымақ-бірлігі жарасқан тәуелсіз елде тату-тәтті тірлік кешу. мекекенің де көздеген мақсаты осы, яғни той жарыстыру емес, ой жарыстыру болса керек. Сол мақсаттың орындалғаны анық»,- дейді бірлігі бекем аймақтың тұрғындары.

Өзгелердің жаңалығы