Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нурия Ниязова “Алғыс айту күні” республикалық форумының кулуарында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгін Қазақстанда ерекше күн — Алғыс айту күні және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойы. Осы уақыт ішінде Ассамблея Қазақстанның символына, ұлттық кодының ажырамас бөлігіне айналды. Ең алдымен, Қазақстан халқына, мұғалімдерге, дәрігерлерге, Ассамблея мүшелеріне, біздің ұйымның негізін қалаған этномәдени бірлестіктердің төрағаларына алғысымды білдіргім келеді, - деді ол.
Сондай-ақ Сенат депутаты Қазақстан халқы Ассамблеясы тәжірибесі басқа елдерге үлгі болып отырғанан жеткізді.
Ассамблеяның 30 жылдық мерейтойы — ұрпақтар сабақтастығының белгісі. Қазақстан халқы Ассамблеясының тәжірибесі әлемде кеңінен танылуда. Бүгінде әлемде тұрақсыздық белең алып жатқан кезде біздің ұлттық бірегейлігіміз бен этносаралық келісіміміз көптеген елдер үшін үлгі болып отыр. Біз бұл тәжірибені халықаралық парламенттік қатынастарда, әртүрлі елдермен жұмыс барысында бөлісіп келеміз, - деді Ниязова.
Ол жекелей қазақ халқына да алғыс айтты.
Ең бастысы, қазақ халқына шексіз алғыс. Өйткені осы жылдар бойы қазақ халқы достық пен қонақжайлылықтың нағыз үлгісін көрсетіп келеді, - деді депутат.