Ассамблея бір этностың мүддесін қорғайтын ұйым емес – Ғани Рысбеков

28 Сәуір 2020, 18:05
5956
Бөлісу:
Ассамблея бір этностың мүддесін қорғайтын ұйым емес – Ғани Рысбеков

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінде Қазақстан туының астында 130-дан астам ұлт өкілі тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Жыл сайын 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі аталып өтеді. 1995 жылдан бастап еліміздегі түрлі этностар мен дін өкілдерінің достығы мен бірлігін нығайту мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған болатын. Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты карантин 11 мамырға дейін созылды. Алайда, біз Түркістан облысы Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары-хатшылық меңгерушісі Ғани Рысбековпен жолығып, орталықтың бүгінгі таңға дейін атқарып отырған жұмысы жөнінде сұрастырған болатынбыз.

– Ғани Құрмашұлы, Түркістан өз алдына бөлек облыс болып шыққалы екі жылға жуықтап қалды. Халық саны жағынан республикада алдыңғы орындарда келе жатыр. Оның үстіне, оңтүстік түрлі ұлт өкілдері жиі қоныстанған аймақ. Айтыңызшы, облыста қанша этномәдени бірлестік бар, олардың атқарып отырған жұмыстарына тоқтала кетсеңіз?

– Ресми статистикаға сәйкес Түркістан облысының халқы 1 983 967 адамды құрайды. Оның ішінде ұлттық құрамы бойынша 76%-ын қазақтар, 17%-ын өзбектер, 1,8%-ын тәжіктер,1,7%-ын орыстар, ал қалған 3,7%-ын басқа да этностар құрайды. Өңіріміздегі ұлтаралық және конфессияаралық татулық пен бірлікті нығайту мақсатында Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан 12 этномәдени бірлестік және олардың аудандар мен қалаларда 7 филиалы және 14-өкілдіктері құрылып, жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ этномәдени бірлестіктер жанында 10 жастар қанаты, 2 жексенбілік мектеп және 8 Аналар кеңесі бар. Бұл этномәдени бірлестіктер өңірдің қоғамдық жұмыстары мен қайырымдылық іс-шараларына белсене қатысуда. Атап айтқанда, осы жылдың бірінші тоқсанында этномәдени бірлестіктер облыстық ассамблея ұйымдастырған түрлі форматтағы жүзге жуық іс-шараға белсенді қатысып, 23 278 мың теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсетті. Сонымен қатар, әлемде орын алған пандемияның алдын алу шараларына облыстық этномәдени бірлестіктер де барынша өз үлестерін қосуда. Мысал ретінде айтсақ, әлеуметтік жағдайы төмен және көпбалалы отбасыларға азық-түлік себеттерін таратуда, бақылау бекеттеріндегі әскерилер мен медицина қызметкерлерін ыстық тамақпен қамтамасыз етіп жатыр. Одан бөлек, өзбек, түрік, тәжік, ұйғыр этномәдени бірлестіктері бір реттік бетперделер тігіп тарату барысында белсенділік танытуда.

– Түркістан облысының қай қалалары мен аудандарында өзге ұлт өкілдері жиі шоғырланған. Мұның тарихи себебі бар ма әлде халықты әу баста солай орналастырған ба?

– Айталық, Түркістан қаласында өзбек, түрік, Кентау қаласында өзбек, татар, Сайрам мен Төлеби аудандарында өзбек, түрік, күрділер, Сарыағаш ауданында өзбек, тәжік, әзірбайжан, татар, Мақтааралда өзбек, тәжік, әзірбайжан, түрік, Жетісайда өзбек, тәжік этносының өкілдері жинақы шоғырланған. Тарихтан өзіңіз де білесіз, көптеген этностар қазақ жеріне 1940 жылдары ҰОС кезінде жер аударылған. Өзбек этносы 17-18 ғасырдан бері қазақ жеріне қоныстануды бастаса, тәжік этностары да Кеңес дәуірінен бастап көшіп келе бастаған. Бұл турасында кеңінен тарқатып айтуды тарихшылардың еншісіне қалдырсақ. Жалпы, қазір елімізде өзге ұлт өкілдерінің де бүгінгі Тәуелсіз қазақ елінің дамуына, өркендеп, көркеюіне бір кісідей атсалысып келе жатыр. Әсіресе, егіншілікке, шаруашылыққа ыңғайлы жерлерді гүлдендіріп, экономикамызға үлес қосып отырғаны жасырын емес. Оның үстіне, оңтүстік аймақ баршаға қонақжайлығымен, жылы климатымен жақсы таныс.

– Тұңғыш Президент Н.Назарбаев Қазақстан халқы ассамбеясының 25 жылдығын республика көлемінде кеңінен атап өтуді тапсырған болатын. Түркістан облысы бұл айтулы датаны қалай атап өтті? Қандай іс-шараларды жүзеге асырып жатырсыздар?

– Биыл 22 қаңтарда Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен ҚХА-ның 25 жылдығын мерекелеуге арналған жоспарлар мен міндеттерді нақтылау мақсатында Ассамблея жанындағы құрылымдардың қатысуыммен кеңейтілген мәжіліс өтті. Мәжілісте облыстық этномәдени бірлестіктер және басқа да құрылым жетекшілері өз жоспарларымен бөлісті. 18 ақпан күні Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы аясында Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай "Ұлы даланың ұлы тұлғасы – Әбу Насыр әл-Фараби" тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті. Кездесуде Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ғылыми-сарапшылық топтың мүшелері А.Есеналиев, Қ.Қалдыбай, Е.Әмірхан қатысып, олар әл-Фараби еңбектері бойынша және Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі мен маңызы туралы баяндамалар жасады. Сонымен қатар, 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай Түркістан облысында Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығының салтанатты ашылуы ұйымдастырылды. Облыс орталығы Түркістан қаласында облыстық этномәдени бірлестіктердің жетекшілері киіз үй тігіп, қазақ халқына арнап дастархан жайды. Кездесу барысында облыс әкімінің орынбасары Алғыс айту күні мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдық мерейтойы қатар келіп отырғандығын атап өтіп, алда тұрған жоспарларымен, міндеттермен бөлісті. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Тәуелсіз Қазақстанды құрудағы ортақ құндылықтар мен топтастырушы сана негізінде азаматтық татулық пен бірлікті сақтаудағы еңбегін баяндап берді. Алғыс айту күні – жалпыұлттық бірлікті нығайтуға, қоғамдық келісім, қайырымдылық, әлеуметтік ынтымақтастық пен өзара қолдау көрсетуді дамытуға ықпал ететіндігін атап өтті. Ал зиялы қауым өкілдері "Әралуандылықтағы бірлік" моделінің тарихи маңызын, Тұңғыш Президент – Елбасының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" және "Ұлы даланың жеті қыры" бағдарламалық мақаласында айтылған негізгі құндылықтарды сөз етіп, талқылады. Осы кездесуде депортацияға ұшыраған этностардың ұрпақтары қазақ халқына алғыстарын жеткізді. Кездесу соңында кәріс этносының өкілі, "Мирас" университетінің студенті С.Пак қазақ халқына арнау жолдап, этнос өкілдері Абайдың, Ш.Қалдаяқовтың әндерін орындады. Іс-шара аясында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының волонтерлік қозғалыс орталығы белсенділерінің ұйымдастыруымен "Қамқорлық" акциясы өтіп, әлеуметтік аз қамтылған азаматтар мен көпбалалы отбасыларға көмектер көрсетілді. Ал қазір елімізде орын алған төтенше жағдайға байланысты барлық іс-шаралар онлайн жүргізілуде. Осыған орай Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының әлеуметтік желілердегі парақшаларында этнос өкілдерінің қатысуымен 25 жылдыққа арналған материалдар мен бейнероликтер, тақырыптық челлендждер, акциялар ұйымдастырылып, орналастырылуда.

– Өзіңіз білесіз, ақпан айының бас жағында Жамбыл облысы, Қордай ауданы Масаншы ауылында қазақтар мен дүнгендер арасында жанжал туындады. Нәтижесінде оннан аса адам өлімі орын алып, оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды. Мәселеге Президент Қасымжомарт Тоқаевтың өзі араласып, үкіметтік комиссия құрылды. Кінәлілер анықталып, оқиға саябырсыды. Осы ретте жұртшылықтың көбі ең бірінші өзге ұлттарды айрандай ұйыстырып отыратын ассамблея қайда қарап отыр, оның осы уақытқа дейін атқарып келген ролі қайда, ешқандай да жұмыс атқармағаны ма деген неше түрлі әңгімелерді сан саққа жүгіртті. "Жаман айтпай жақсы жоқ" демекші, сол оқиғадан кейін жұртшылық қандай ой түйді деп ойлайсыз? Біздің облыстағы жағдай қалай? Ұлттар достығы бақылауда тұратын өткір мәселе болуы керек пе сонда?

– Қордайдағы жағдайдың тұрмыстық жанжалдан басталып, соңы үлкен дауға айналғаны бәріне белгілі. Бұл мәселе бойынша үлкен ғалымдар, саясаткерлер, беделді азаматтар, барлық журналистер мен блогерлер өз пікірлерін жазып жатты. Арасында ұлтаралық мәселені білмейтіндер де өз пікірлерін қалдырып, жұртшылықты шатастырды. Сондықтан, бұл жерде анау құрылым немесе мына құрылым кінәлі деп айту өте теріс пікір. Мен сізге айтайын, Ассамблея – бұл Рухани жаңғыру жобасы сияқты жалпыхалықтық жұмыс. Жақында Түркістан қаласында өткен бір кездесуде маған осындай сұрақ қойылған болатын. Соңынан атқарылып жатқан жұмыстармен жақын танысқан блогер өз ойын өзгертіп, ұлтаралық қатынастар саласында ассамблеяның атқарып жатқан қызметіне мән бермей келгендіктен, осындай қате пікірде болғанын айтты. Ұлтаралық мәселе – бұл жалпы, біртұтас қазақстандықтардың, халықтың жұмысы екенін ұғынды. Негізінде, этностардың арасында қазақтарға тікелей қарсы шығып, жек көріп отырған ешбірі жоқ. Қайта іс-әрекеттері мен сөздерінен қазақ тіліне, дәстүрі мен тарихына деген сыйластықтарын байқайсың. Қазіргі таңда, өзбек, тәжік этностарының балалары қазақ сыныптарына барып, ҰБТ-ны мемлекеттік тілде тапсыруға өтініш беруде. Өздеріңіз телеарналар мен әлеуметтік желілерден көріп жүрсіздер, этнос жастары Абайды жатқа айтып, Әл-Фарабидің еңбектері жайлы ой толғап жатыр. Өйткені олар мемлекеттік тілге құрметпен қарап, болашақта қазақ тілінің қаншалықты қажет екенін түсінген. Ол жерде ұлтаралық мәселелер жалпыхалықтық болған соң, журналистердің рөлі өте маңызды. Жалпы біз осы Қордайдағы орын алған жағдайдан соң журналистермен және блогерлермен кездесу өткізуді жоспарлаған болатынбыз. Сонымен қатар, облыстық ассамблея құқық қорғау органдарымен, үкіметтік емес ұйымдармен бірлескен іс-шаралар жоспары түзілген. Облыс әкімі Өмірзақ Естайұлының тапсырмасымен өңірде қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты қамтамасыз ету мақсатында Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының 2020-2021 жылдарға арналған Тұжырымдамасы әзірленіп бекітілді. Осы жоғарыда атап өткен іс-шаралар ұлттардың өзара ұйысып отыруында үлкен рөл атқарады.

– Жалпы, сіздер отырған орталыққа тұрғындар арыз-шағыммен, өтініш, тілекпен келіп жата ма?

– Орталыққа көп болмаса да, арыз-шағымдар келіп жатады. Көпшіліктің арасында ассамблеяның рөлін түсінбейтіндер әлі де болса кездесіп қалып жатады. Мысалы, Мақтаарал ауданында мектеп дауы орын алғанда бір топ тәжік этносының өкілдері тарапынан ассамблея бізді неге қорғамайды деген шағым айтылған болатын. Оларға Қазақстан халқы Ассамблеясы қандай да бір этностың мүддесін қорғайтын ұйым емес екендігін айтып, түсіндірдік. Яғни кез келген құқық бұзушылық бойынша арыз-шағым құзырлы мекемелер арқылы шешілетін мәселе екендігі айтылып, оларға заңды бағытта жөн сілтедік. Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясына келіп түскен арыз-шағымдар ҚР Заңдарының аясында қаралады.

– Бізде облыста этносаралық жағдай қаншалықты тұрақты. Тұрмыстық дау-дамай, келіспеушіліктер туындап жатса, қалай шешесіздер? Жалпы, "әр ауылдың бір тентегі болады" дегендей, қолдарыңызда тізім бар ма?

– Жалпы, облыстағы этносаралық жағдай тұрақты. Дегенмен, этнос өкілдері арасындағы кез келген тұрмыстық деңгейдегі проблемалар, яғни заңсыз әрекет, төбелес, күш көрсету, әлімжеттік, ұрлық және т.б. дер кезінде уақытылы заң жүзінде реттелмесе, оның соңы этносаралық сипатқа ұласу ықтималдылығы бар. Бұл ретте, ассамблеяның бастамасымен этнос өкілдері жинақы тұратын елді мекендерде "Этносаралық ахуалды талдау" тақырыбында этнос көшбасшылары, белсенді этнос жастарының қатысуымен фокус топтық зерттеу ұйымдастырылды. Одан бөлек, "Этнос өкілдерінің қоғамдық-саяси ахуалға ой-пікірлері", "Даулы мәселелердің алдын алу" тақырыптарында талдау жүргізіліп, этнос жастары арасында әлеуметтанымдық сауалнама өткізілді. Сонымен қатар, жоғарыда атап кеттік, біз құқық қорғау орандарымен және де басқа жергілікті мемлекеттік мекемелермен тығыз байланыста жұмыс жасаймыз. Осы орайда, облыс әкімінің тапсырмасы бойынша, өңірдегі этносаралық ахуалды зерттеп, реттеп отыру мақсатында облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқамановтың басшылығымен арнайы жұмысшы топ құрылған. Бұл жерде түрлі деңгейде орын алған мәселелердің алдын алып, олардың ұлтаралық дау туғызбауын қадағалап, тиісті жұмыстар атқарылды.

– Тіл тақырыбына да тоқтала кетсек. Өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілімізге деген құрметін айта кетсеңіз. Бұл орайда, Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы этномәдени бірлестіктердің жұмысы қалай жүріп жатыр?

– Өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілімізге деген құрметі этносаралық жарастық пен рухани ынтымақтастықтардың құралы ретінде қызмет етуін және тіл алуандығын көздейді. Әсіресе Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы этномәдени бірлестіктер тілге деген белсенділігін ерекше танытуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек" деген болатын. Өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйретудің маңыздылығы бүгінде қазақ тілінің өзінің мемлекеттік биік мәртебесіне лайық деңгейде қызмет атқару қажеттілігі – заман талабынан туып отыр. Біле білсеңіз, біздің Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясында "Қазақ тілі" курсы орталығы ұйымдастырылған. "Қазақ тілі" оқу-әдістемелік орталығында тілді үйретуге білікті мамандарды тарттық. Өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін оқытудағы мақсат – мемлекеттік тілде сөйлей білуге, өз ойын айта білуге, сауатты жаза білуге үйрету. Курста оқытудың басым әдісі – коммуникативтік тәсіл. Бұл тәсілдің бірнеше себептері бар. Біріншіден, мақсатты тілдерді оқыту, оқытылатын тілдің ауызекі сөйлеу нормасын меңгеруге бағытталған, сондықтан ең алдымен, тыңдалым мен айтылым дағдыларына көңіл бөлінеді. Екіншіден, тілді оқыту грамматикалық ережелермен шектелмейді, яғни өзге тілді алғаш үйренушілерге "бастауыш", "баяндауыш", "морфология", "синтаксис" т.б. білу маңызды емес. Тіл үйренуші грамматикалық құрылымдарды білмей тұрып, оқу мен жазуды білмесе де сөйлей бастайды, тіпті сөйлемдерді де дұрыс құрайды. Ол жай ғана сөздерді айтады, сөздердің мағынасын түсінеді, айналасындағы адамдармен тілдесе бастайды. Уақыт өте келе оның сөздік қоры молаяды, қоршаған адамдардың басым бөлігі оны түсінетіндей деңгейде сөйлесе алады. Содан кейін ғана оқу мен жазуды үйренеді. Курста ана тілінен өзге тілді үйренудің негізі осында жатыр. Әрбір сабақтың мазмұнына сай әдістер мен тәсілдері дұрыс таңдалып, саралап, даралап оқыту ұсынылған. Тіл үйренушілердің қазақ тілін өз еркімен, ынтасымен қызыға, түсініп сөйлеуге, бірінің пікірін бірі қадірлеуге, өзіндік және өзара бағалауға, сөзді ойын арқылы жақсы меңгеруге, ауызекі дұрыс сөйлеуге үйрету мақсатында белсенді оқыту, коммуникативтік технология, интерактивті оқыту негізінде ұйымдастыру мен сын тұрғысынан ойлау жобасының стратегиялары қолданылған.

– Облыста 12 этномәдени бірлестік бар екенін айтып өттіңіз. Осы бірлестіктердің ішінде ең белсендісі қайсы? Қай бірлестік өзіне бекітілген іс-шараларға тиянақты, жанын салып жұмыс атқарып отыр?

– Жалпы облыстық этномәдени бірлестіктер ҚР Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы Заңына сәйкес, қоғамдық аккредиттеуден өткен. Олардың әрқайсысы облыстық ассамблеяның жоспарына және жылдық жоспарын бекітіп сол жоспар бойынша жұмыс атқарады. Оның ішінде, мемлекеттік мерекелермен қатар, әр этностың ұлттық мерекелерін атап өтуге байланысты іс-шаралар, дөңгелек үстел отырыстары мен кездесулер, қайырымдылық акцияларын ұйымдастыру және облыс көлемінде атап өтілетін саяси, мәдени іс-шараларға қатысу көзделген.

– Осындай ауқымды, мемлекет тарапынан қолдау көрілетін маңызды институтты басқару арқылы не ұқтыңыз? Жалпы, ұлтаралық татулық, толерантты болу, бірлік пен достықтың көрінісін көзбен көріп жүрген жансыз. 25 жылдағы ассамблеяның ролі мен облыстағы салмағына жеке пайымыңыз?

– Бұл институтты әлі де дамытып, көптеген зерттеулер жүрізіп, құрылымдарды өзгерту қажеттілігі туындап отыр. Бұл жөнінде өз пікірімді жоғарыға жолдаған болатынмын. Жалпы айтқанда өңірімізде ұлтаралық ахуал тұрақты. Біздің оңтүстіктің халқының менталитеті күні кеше қалыптасқан жоқ, түп тамыры сонау ықылым замандардан келе жатыр. Жергілікті халық көбіне диқаншылық пен сауда, қолөнер түрлеріне бейім. Халықтың басына қандай зұлмат орнап, небір қиын замандар өтсе де сағы сынбаған, шүкіршілігінен жаңылмаған, қазақи қаймағын бұзбаған орта ғой. Ал осындай аймақта түрлі этностарды біріктіріп тұрған ортақ нәрсе не деп ойлайсыз? Әрине, ол салт-дәстүрге беріктігіміз, отбасы құндылығы, үлкенді сыйлау, адалдық, сыйластық деп кете береді. Міне, Түркістанда ассамблеяға басшылық жасай жүріп осыны ұғындым. Өйткені, әр өңірдің өзіне тән менталитеті бар, мәселен Нұр-Сұлтан қаласын жаңа менталитеттер жиынтығы дер едім. Себебі, онда адамдар әр қиырдан жиылады, ортақ құндылықтары мансап, қызмет, байлық т.б. болуы мүмкін. Ал Түркістандағы ортақ құндылық – ол отбасы және бірлік пен татулықтың салт-дәстүрімізбен ұштасып жатуында.

– Сұхбатыңызға рахмет!
Өзгелердің жаңалығы