Аспанға ғашық ару: Тікұшақ тізгіндеген қазақ қызының ерекше жолы

Ми-8 тікұшағының ұшқышы көпбалалы ана Ақерке Шопатаева туралы.

 кейіпкердің жеке мұрағатынан Бүгiн 2026, 12:20
Бүгiн 2026, 12:20
217
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Қазақ әйелдерінің арасында өжеттігімен, табандылығымен аса жауапты әрі күрделі мамандықтарды игерген жандар көп емес. Соның бірі – көкте тікұшақ тізгіндеп, төтенше жағдайда адамдарды құтқаруға атсалысып жүрген ұшқыш Ақерке Шопатаева.

40 жастағы көпбалалы ана Қазақстандағы санаулы әйел ұшқыштардың қатарында. Ол Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты «Қазавиақұтқару» АҚ компаниясында қызмет етеді.

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан "Ерен еңбегі үшін" медалін алған қайсар келіншек BAQ.KZ тілшісіне өз өмір жолы, таңдаған мамандығы және аспанмен байланысқан тағдыры туралы әңгімелеп берді.

"Авиацияға мектепте жүргенде келдім"

Ақерке авиацияны бала күнінен армандағандардың қатарынан емес. Бірақ бір кездейсоқтық оның бүкіл өмір бағытын өзгертіп жіберді.

 11-сыныпта оқып жүрген кезімде мектепке ұшқыштарды даярлайтын оқу орталығынан адамдар келіп, Як-52 мен Як-18Т ұшақтарына ұшқыш болуға шақырды. Шынымды айтсам, менің авиацияға бару ойым болған жоқ. Бірақ анам барып мені курсқа жазып қойыпты. Анамның сөзін жерге тастамайын деп оқуға бардым, – дейді ол.

Алғашында бұл тек анасының өтініші үшін барған сабақтар еді. Бір жыл бойы теория оқыды. Ұшуға мүмкіндік туған кезде барлығы өзгерді.

Бір-екі сағат ұшып көргеннен кейін ғана бұл істі жақсы көріп кеткенімді түсіндім. Сол кезде болашағымды осы саламен байланыстырғым келді, – деп ағынан жарылды Ақерке.

Мектепті бітірген соң ол Алматыдағы Азаматтық авиация академиясына түсіп, Ан-2 ұшағын меңгеріп шығады. Курсты аяқтаған кезде топтағы жалғыз қыз болды.

Алғашқы ұшу: қорқыныш пен қызығушылық

Ақеркенің айтуынша, алғашқы ұшу оңай болмаған. Байсерке аэродромында өткен тәжірибе кезінде ол алғаш рет Як-52 ұшағының штурвалына отырған.

Инструктормен алғаш штурвалға отырғанымда қатты қорықтым. Тіпті көзімді жұмып, толқып кеттім. Бірақ жерге қонғаннан кейін керісінше, ұшқыштардың жұмысына деген қызығушылығым күшейе түсті. Өз ісімді тапқандай болдым, – дейді ол.

Сол сәттен бастап қорқыныш қызығушылыққа, ал қызығушылық өмірлік мақсатқа айналды.

Ми-8 тікұшағы: жауапкершілік пен шеберлік

2008 жылдан бері Ақерке Ми-8 тікұшағын басқарады. Бұл – құтқару операцияларында жиі қолданылатын ауыр техника.

Жолаушылар тасимыз, өрт сөндіруге қатысамыз, құтқару жұмыстарын орындаймыз, аэровизуалдық бақылаулар жасаймыз, – дейді ол.

Тікұшақ басқару ұшаққа қарағанда әлдеқайда күрделі екенін де жасырмайды.

Тікұшақта басқышты, "қадам-газ" тұтқасын және циклдік тұтқаны қатар басқару керек. Маневр жасау ұшаққа қарағанда қиынырақ. Ұшақта автопилот бар, ал тікұшақта бәрін механикалық түрде өзің басқарасың, – деп түсіндіреді ұшқыш.

Ми-8 тікұшағын басқару – үлкен тәжірибе мен дәл есепті талап ететін жұмыс.

Ұшу алдындағы дайындық

Әуеге көтерілмес бұрын ұшқыштардың әрбір әрекеті мұқият жоспарланады.

Ұшар алдында штурмандық бақылау жасаймыз, бағытты есептейміз. Мысалы, белгілі бір қашықтыққа қанша уақытта жетеміз, жанармай қаншаға жетеді – бәрін есептеу керек. Медициналық тексерістен өтеміз, содан кейін брифинг болады, – дейді Ақерке.

Брифинг кезінде ұшу бағыты бойынша ауа райы, қысым және басқа да факторлар талқыланады.

Егер ауа райы қолайлы болса, ұшамыз. Кейде күндіз ғана, кейде түнде, ал кейде тәулік бойы жұмыс істеуге тура келеді, – дейді ол.

Мәселен, Қостанайдағы ірі өрт кезінде ұшқыштар күндіз-түні демалмай жұмыс істеген.

"Мамандықты әйел, ер деп бөлуге болмайды"

Тікұшақпен ұшу – күрделі әрі жауапты жұмыс. Сондықтан бұл салада әйелдер аз.

Біздің қызметте әйелдер бар, бірақ көп емес. Тікұшақ басқару өте күрделі жұмыс болғандықтан, әйелдер сирек келеді, – дейді Ақерке.

Дегенмен ол мамандықты жынысқа қарап бөлудің дұрыс еместігін айтады.

Мамандық әйел, ер деп бөлінбейді. Ең маңыздысы – әуе кемесін меңгеруге қабілетің болуы. Кейде ер адамдардың өзі алып кете алмай жатады. Мұнда ең бастысы – адамның ойлау қабілеті мен техниканы меңгеруі, – дейді ол.

Қауіпті операциялар

Ақерке қатысқан операциялардың көпшілігі адамдардың өмірін құтқаруға бағытталған.

Ол өртке қарсы операцияларға, көшкін кезінде жүргізілген іздеу жұмыстарына, жол апаттарынан кейінгі құтқару шараларына қатысқан. Сондай-ақ жоғалған адамдарды іздеуге, шұғыл операция қажет науқастарды жеткізуге де ұшқан.

Ұшқыш өз өміріне ғана емес, экипаж мүшелерінің өміріне де жауап береді. Есімнен кетпес бір оқиғалар көп. Солардың бірін айтып өтсем. Шарын шатқалындағы өзенде жас қыз қайықпен келе жатып аударылып кеткен. Франция елінің азаматы екен. Үш күн бойы сол қызды іздедік. Тікұшақта қыз баланың әкесі болды. Ол кісінің көз жасы, үмітін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Өкінішке қарай, қыз баланы таба алмадық, – дейді ол тебіреніп.

Осы уақытқа дейін Ақерке шамамен 1000 сағатқа жуық ұшқан.

Көпбалалы ана және ұшқыш

Ақерке – төрт баланың анасы. Кенжесі небәрі бес жаста.

Ата-енеммен бірге тұрамыз. Балаларға көбіне сол кісілер қарайды. Осындай қиын әрі қызықты қызметтен кетпей жүруіме енемнің көмегі көп, – дейді ол.

Ұшқыштың айтуынша, балалары кейде оның мамандығына қызығушылық танытады.

Кейде балаларымнан “ұшқыш болғың келе ме?” деп сұраймын. Қызым "иә" дейді. Біз әрине, ата-ана ретінде балаларымыздың таңдауын қолдаймыз, – дейді Ақерке.

Аспанда табылған махаббат

Аспан оған тек мамандық емес, өмірлік серік те сыйлады.

Ұшулардың бірінде ол болашақ жары Азамат Сұлтанбаевпен танысады. Ол кезде Азамат инженер болып жерде жұмыс істейтін.

Кейін ол сүйіктісіне жақын болу үшін ұшу қызметіне ауысып, бортмеханик болады.

Бірақ екеуі бірге ұша алмайды.

Біздің салада әкелі-балалы немесе ерлі-зайыптыларды бір экипажға қоспайды. Мамандығымыз қауіпті ғой, – деп түсіндірді Ақерке. 

"Аспан қателікті кешірмейді"

Ақеркенің айтуынша, бұл мамандық ерекше жауапкершілікті талап етеді.

Ұшқыш нұсқаулықты бес саусағындай білуі керек. Бұл – өте жауапты мамандық. Сондықтан “Мен пилотпын!” деп мақтанудың қажеті жоқ. Салқынқанды, байсалды болу керек. Ұшқыш болу үшін ең алдымен адамға мінез керек. Аспан қателікті кешірмейді, – дейді ол.

Ол болашақ пилоттарға бір ғана кеңес береді:

Әсіре мақтанға салынбай, ойлау жылдамдығын дамытып, тәжірибе жинап, кез келген жағдайға дайын болу керек, – дейді ұшқыш.

Аспан – оның өмірі

Ақерке үшін аспан жай ғана жұмыс орны емес. Бұл – оның өмірінің бір бөлігі.

Кейбір адамдар үшін ұшу – романтика. Ал Ақерке үшін бұл – жауапкершілік, қауіп және адамдардың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік беретін үлкен миссия.

Сондықтан да ол әлі күнге дейін штурвалдан қол үзбей келеді.

Аспанға ғашық қазақ қызының тарихы бір нәрсені: егер адам өз ісін шын сүйсе, кез келген биікті бағындыруға болатынын тағы бір мәрте дәлелдейді.

Наверх