Әскерилердің тұрғын үй төлемінің мөлшерін заңнамалық тұрғыдан айқындау ұсынылды. Бұл туралы Мәжіліс комитетінің отырысында Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары - Қарулы күштердің Бас штаб бастығы генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның сөзінше, қазіргі уақытта ағымдағы тұрғын үй төлемінің мөлшері әскери қызметші қызмет өткеретін тиісті өңірдегі тұрғын үйді жалға алу құнына байланысты айқындалады.
Сондықтан кейбір өңірде ағымдағы тұрғын үй төлемінің мөлшері бір адамға 33 мың теңгені құрайды, ал басқа өңірде 96 мың теңгеге дейін жетеді. 19 өңірде бұл төлемнің мөлшері орташадан төмен (84 мың теңге), бір өңірде орташадан жоғары, - дейді Сұлтан Қамалетдинов.
Вице-министр атап өткендей, бүгінде әскери бөлім мен бөлімшенің көбі үлкен қаладан алыс орналасқан. Осыған байланысты, әскери қызметші орташа мөлшерден төмен ағымдағы тұрғын үй төлемін алады.
Мұндай тәсіл әскери қызметшіге тұрғын үйге өз құқығын іске асыруға бірдей мүмкіндік бермейді, сонымен бірге оның ағымдағы тұрғын үй төлемінің мөлшері жоғары қалаға (Алматы, Астана) көшуі үшін алғышарт жасайды. Осы мақсатта тұрғын үй заңнамасына тиісті өзгерістер енгізу қажет, онда елдегі статистикалық деректің орташа деңгейі бойынша ағымдағы тұрғын үй төлемінің бірыңғай мөлшерін айқындау қажет, - деп есептейді министрлік өкілі.
Қамалетдиновтің айтуына қарағанда, бұл шалғай гарнизонда қызмет өткеретін әскери қызметші мен олардың отбасы мүшесі арасындағы әлеуметтік шиеленісті төмендетуге мүмкіндік береді.