Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ҚМ ресми өкілі Руслан Жангулин мәлімдеді,деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Өткен тәулікте су тасқынына қарсы іс-шараларға 1500-ден астам әскери қызметші 104 бірлік автомобиль техникасы, 3 армиялық авиация тікұшағы жұмылдырылған.
Әуе көлігімен 39 адам тасымалданса, 4 тоннадан астам жүк жеткізіліп, 6 мыңнан аса қапшыққа құм толтырылып, төселді. Солтүстік Қазақстан облысы аумақтық қорғаныс бригадасының жауынгерлері Петропавл қаласы маңындағы Заречный ауылының аймағына Есіл өзенінің бөгетін нығайту үшін 1 050 қапшық құм дайындады. Төтенше жағдайлар департаменттері мен Полиция қызметкерлерімен бірге олар Заречный тұрғындарын эвакуациялауға қатысты. Солтүстік Қазақстан облысы Бескөл ауылында Астанадан келген 68665 әскери бөлімінің әскери қызметшілері ауылдың айналасын нығайту үшін 8000 қап құм толтырды. Екінші топ «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» АҚ мамандарымен бірлесіп Петропавл қаласының маңындағы айналма жолды нығайту жұмыстарын жалғастырып жатыр, - деді ресми өкіл.
Сондай-ақ, Атырау облысының Құлсары қаласында Маңғыстау облысындағы аумақтық қорғаныс бригадасының 187 әскери қызметшісі ауысыммен бөгетті қалпына келтірумен және қаланың айналасына құм салынған қаптарды қойып, бекітумен айналысып жатыр.
Мұз кептелістерін жою және су ағынын бәсеңдету үшін әскери инженерлер Құлсары қаласынан 30 шақырым қашықтықтағы Жем өзенінде жару жұмыстарын жалғастыруда. Осы уақытқа дейін барлығы 8 жарылыс ұйымдастырылды. Ақтөбе облысы Ойыл өзеніндегі паром өткелімен Қонаев гарнизонының әскери инженерлері 235 тұрғынды эвакуациялап, 29 тоннаға жуық жүк тасымалдады. Барлығы паром өткелінің көмегімен 817 азамат эвакуцияланды, 50 тоннадан аса гуманитарлық көмек, мүлік пенг жүк тасымалданды. Ақтөбе облысының Келешек елді мекенінің тұрғындарының үйлерін тастап кеткен мүлкін қорғау жөніндегі іс-шараларға «Батыс» өңірлік қолбасшылығы 30238 әскери бөлімінің әскери қызметшілері жұмылдырылды, - деді Руслан Жангулин.
27 наурыз бен 9 сәуір аралығында іс-шараларға 3 мыңнан астам әскери қызметші, 173 бірлік автокөлік техникасы, 14 тікұшақ, 4 әскери-көліктік ұшақ жұмыс істеген. Қарулы күштердің жеке құрамының күшімен 2359 адам, оның ішінде 745 бала эвакуацияланды. Ал, 15 тоннадан астам жүк тасымалданды.