Ұлттық қорғаныс университетінің әскери қызметшілері донор болуға бастама көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қайырымдылық шарасын ұйымдасқан түрде әрі ыңғайлы өткізу мақсатымен әскери оқу орнына астаналық қан орталығының қызметкерлері арнайы келді.
Әскери-гуманитарлық ғылымдар факультетінің 1 курс магистранттарының бұл бастамасы әріптестері тарапынан қызу қолдау тауып, акцияға 100 адам қатысты.
Біз қиын жағдайға тап болып, шұғыл көмекке мұқтаж адамдарға көмектесуді шештік. Достарымыз бен жақындарымыздан қан қоры өте құнды ресурс екенін білеміз. Біздің бұл игі бастамамыз адам өмірін сақтап қалуға қосқан үлесіміз болсын, – деп атап өтті Ұлттық қорғаныс университетінің тыңдаушысы подполковник Мирас Ізтілеуов.
Қан орталығы қызметкерлері университеттің медициналық қызметімен бірлесіп, оқу орнында барлық санитарлық талаптарға сәйкес келетін қабылдау пунктін ашты. Медициналық мекеме өкілдері атап өткендей, оларды әскери адамдардың белсенділігі таң қалдырды.
Бір күнде әскери қызметшілер 45 литр қан тапсырды. Донорлардың пікірінше, мұндай акциялар тұрақты негізде өткізіліп тұруы керек.