Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Қарулы Күштерінде әскери қызметшілерге «Халық алғысы» медалін салтанатты түрде табыстау рәсімдері өтуде. ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес аталмыш марапатқа 700 адам ие болды.
Марапатталушылардың арасында коронавирус індетімен күресуде айтарлықтай үлес қосқан Қарулы Күштердің офицерлері, сержанттары мен сарбаздары, курсанттар және азаматтық персонал да бар.
Салтанатты іс-шара күні бұрын «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылық әскерлерінде өтті. Бұл өңірлік қолбасшылықтың әскери бөлімдерінен төтенше жағдай режимі және карантиндік шараларды сақтауды қамтамасыз етуге екі мыңға жуық әскери қызметші тартылған.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері азаматтардың денсаулығы мен өмірін қорғау үшін бір кісідей аяғынан тік тұрды. Олар азаматтардың қауіпсіздігі, елдің егемендігі мен Қазақстан қол жеткізген барлық жетістіктерін қорғау жолында Отан қорғаушы атағына әбден лайықтылар, – деп атап өтті өңірдің қолбасшысы генерал-майор Қайдар Қарақұлов.
Еліміздің Қарулы Күштері төтенше жағдайды қамтамасыз ету іс-шараларына алғашқы күнінен бастап тартылды. 10,5 мыңнан астам әскери қызметші дезинфекциялау жұмыстарына, блокбекеттерде кезекшілік атқаруға, патрульдік жұмыстарына қатысып, шетелден жүздеген отандастырымызды эвакуациялау мен гуманитарлық көмекті жеткізуге атсалысты. 29 қалада дезинфекциялау жұмыстары жүргізілді. ТЖ кезінде жалпы көлемі 50 миллион шаршы метрді құрайтын әлеуметтік маңызды нысандар, 4000 шақырымға жуық жолдар залалсыздандырылды. Әскери қызметшілердің қатысуымен қоғамдық тәртіпті бұзудың 1225 фактісі және 35 қылмыстық құқық бұзушылықтың жолы кесілді.
Сонымен қатар, жүздеген әскери қызметшілер бірнеше уақыт бойы үйлерінен мыңдаған шақырым жерде қызметтерін атқаруға тура келді.
Барлық әскери-медициналық мекемелер коронавируспен күресуге белсенді атсалысып, өздерінің жоғары дайындықтары мен кәсіби біліктіліктерін көрсетті.