Армия орталық спорт клубының Әйелдер құрама командасының бас бапкері Ғұмар Қырғызбаев BAQ.KZ тілшісіне әскери қызметшілер арасында қазақ күресінен I-ші әлем чемпионаты қалай өтіп жатқанын айтып берді.
Әлем чемпионатында Қазақстанның намысын Қарулы күштер мен Мемлекеттік күзет қызметі құрамының спортшылары қорғап жатыр.

Бұл жарысқа іріктеу ретінде Қазақстан чемпионаты болды. Сол жарыстан бірінші орын алған спортшылар өнер көрсетіп жатыр. Жарысқа дейін екі сбор өтті. Дайындығымыз өте жақсы. Қазақ күресі болған соң өзіміздің ұлттық күрес қой. Елімізде өтіп жатқаннан кейін команда бойынша 1-орын аламыз деген ниетіміз бар, - деді Ғұмар Қырғызбаев.
Ол Қазақстан балуандарының басты қарсыласы көршілес елден келген спортшылар екенін жеткізді.

Өзбекстан мен Ресей бізге жақсы қарсылас болып тұр. Олар бізге жарысқа келіп жүріп тәжірибе жинады. Сол елдердің спортшыларына екі қызымыз есе жіберіп алды, - деді бапкер.
Ғұмар Қырғызбаев басты фавориттерді де атады.
55 келіде Төлеуов Бекжан деген спортшымыз бар. Қазақ күресінен екі дүркін әлем чемпионы. Сол жігіттен “осы алтын алады” деп үміт күтіп тұрмыз. Екі дүркін әлем чемпионы Рауза Нұрмұхамметова деген қызымыз бар. Ол да фаворитіміз, - деді ол.
Сондай-ақ Армия орталық спорт клубының Әйелдер құрама командасының бас бапкері қазақ күресінің дзюдодан басты ерекшелігін де түсіндірді.
Қазақ күресіне дзюдо, самбо күресетін спортшылар келіп жатыр. Өйткені олар қазақ күресіне икемді болады. Бұл жерде айырмашылық – киім үлгісінде. Дзюдо күресінде киімнің жеңі мен балағы ұзын болса, бізде қысқа. Ал техникалық жағынан бізде жерде, яғни партерде күреспейді. Дзюдода партерде күресіп, ауырту әдістерін істесе, қазақ күресінде тізеден төмен әдістер жасалмайды, - деді бапкер.
Айта кетейік, Әскери қызметшілер арасында қазақ күресінен өтіп жатқан чемпионатта әлемнің 25 армиясының 150-ден аса балуаны 16 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынап жатыр.

Qazaqstan жеңілатлетикалық спорт кешенінің базасында өтіп жатқан CISM турнирінің ұйымдастырушылары – ҚР Қорғаныс министрлігінің Спорт комитеті, ҚР Туризм және спорт министрлігі және Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Qazaq Kuresi қауымдастығы.