Алматыда әскери жоғары оқу орнына түсу мерзімі 15 маусымға дейін ұзартылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында ҚР жоғары әскери оқу орындарына түсу кезеңдері туралы Радиоэлектроника және байланыс Әскери-инженерлік институтының бастығы, полковник Қайрат Даутов айтып берді.
Институт 6 мамандық бойынша даярлауды жүзеге асырады. Қазіргі уақытта 600-ден астам курсант оқиды. Оқу орнында 17 кафедра бар, оның ішінде 170 оқытушы жұмыс істейді.
Оқуға түсудің барлық шарты Қорғаныс министрінің 2016 жылғы 22 қаңтардағы № 35 бұйрығында егжей-тегжейлі баяндалған. Барлық талапкер тегін негізде оқуға қабылданады. ҰБТ нәтижесі бойынша өту балы кемінде 50 балды құрайды. Институтқа түсу үшін бейіндік пәндер физика және математика болып табылады және осы пәндер бойынша ҰБТ-да ең төменгі бал 7 балды құрайды. Жергілікті әскери басқару органдарына өтініш беру мерзімі оқуға түсу жылының сәуір айына дейін. Биылғы жылы көптеген талапкердің өтінішін ескере отырып, Қорғаныс министрі бұл мерзімді 15 маусымға дейін ұзартты, - деді Қайрат Даутов.
Оның айтуынша, сұранысқа ие мамандықтар - зениттік зымырандық, радиотехникалық әскерлер, байланыс және ақпаратты қорғау. Қазіргі уақытта радиоэлектрондық барлау және жауынгерлік мамандығы танымал болып келеді. Сонымен қатар байланыс мамандарын даярлау барысында курсанттар 50-ден астам бейіндік пәндерді оқиды. Олардың ішінде электродинамика, антенна және қабылдау-тарату құрылғылары, коммутация құралдары және әртүрлі мақсаттағы радиостанциялар.
Болашақ офицерлерді даярлаудағы басты бағыттардың бірі – оларда дене тәрбиесі және салауатты өмір салтын қалыптастыру. Қазіргі уақытта біздің институт курсанттары Қазақстан Республикасының атынан ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің әскери қызметшілері арасындағы Халықаралық спорттық сайысқа қатысады, - деп бөлісті Қ.Даутов.
Болашақ офицерлердің дене шынықтыру дайындығы үшін институтта спорттық жаттығу залдары, стадион және әскери-қолданбалы спорт түрлеріне арналған тренажерлер бар.
Әскери-оқу орындарының, атап айтқанда біздің институттың ерекшеліктерінің бірі – оқуды аяқтаған барлық курсанттың 100% жұмысқа орналасуында. Біздің түлектер Қарулы Күштердің барлық түрлеріне, әскери бөлімдерге, сондай-ақ басқа да күш құрылымдарына жіберіледі. Әскери мамандық беделді әрі танымал болып табылады, - деп атап өтті ол.
20 жылдық тарихы бар институттың өз дәстүрлері де қалыптасқан. Оның ішінде 5-курс курсанттарының қоштасу концертін ұйымдастыру, түлектердің "лейтенант аллеясына" болашақ талапкерлерге арнап тілек капсуласын салуы, ағаш отырғызу және т.б..
Сонымен қатар институт курсанттары жыл сайын түрлі олимпиадаларға, зияткерлік конкурстарға, соның ішінде халықаралық деңгейдегі жарыстарға қатысады. Биыл курсанттар Санкт-Петербург қаласында өткен информатика пәнінен Халықаралық олимпиадаға және институт базасында өткен математика пәнінен Халықаралық олимпиадаға қатысты.