Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жауынгерлік оқ атулар барысында мамандық бойынша дайындықтан өткен, тактикалық ұрыс әрекеттерін және өзінің штаттық қаруын жетік меңгерген бөлімше жеке құрамы қарсыласпен ұрыс жүргізудегі барлық іс-қимылдарды орындады.
Жаттығу шеңберінде әскери қызметшілер «Бөлімшенің марш жасау бағдары», «Бөлімшенің елдімекендерде іс-қимыл жасауы» және «Бөлімшенің жауынгерлік атыспен қорғаныс ұйымдастыруы» сынды тақырыптарда шеберліктерін шыңдады. Бөлімше командирлеріне жауынгерлік тапсырмаларды орындау кезінде тәжірибелік машықтарын жетілдіру және оларды дұрыс орындау, қарсыласты тауып, олардың жауынгерлік күшін жоюға арналған тапсырмалар қойылды.
Сондай-ақ, жаттығу барысында қарсыластың тұтқиылдан және әуеден шабуыл жасауы, залалсыздандырылмаған ауданмен жүріп өту, мина-жарылғыш қоршаудан өту, жеке құрамды позицияға орналастыру, алдыңғы шепте қарсыласқа шабуылдау және көзін жою сынды тақырыптар кеңірек пысықталды.
Жауынгерлік атыс сабақтары бөлімшелердің күрделі жағдайдағы әрекеттері мен өзара бірлесіп қимылдау әдістерін тексеру мақсатында жүргізіліп жатыр. Ол мотоатқыштар жеке құрамымен «Заңсыз құрылған лаңкестер тобының күшін жою» тақырыбында өтті. Бөлімше командирлерінің ұрыс барысында жауынгерлік бұйрықты дұрыс беру және атысты шеберлікпен басқару нәтижесінде қарсылас топтың көзі түгел жойылды. Бүгінгі бөлімшелердің жауынгерлік атыстары 100 пайызға орындалды, - деді батальон командирінің орынбасары капитан Бекзат Абжапаров.
Айта кетсек, Құрлық әскерлері бас қолбасшысының коммиссия мүшелері Шымкент гарнизонының әскери бөлімдерінде бөлімшелердің кәсіби біліктіліктерін және жауынгерлік атыс деңгейін тексеріп, жоғары баға берді.