Әскери спортшы грэпплингтен екі мәрте ел чемпионы атанды

25 Наурыз 2021, 21:21
1457
Бөлісу:
Әскери спортшы грэпплингтен екі мәрте ел чемпионы атанды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қоян-қолтық ұрыстан Армия орталық спорт клубының нұсқаушы-спортшысы ефрейтор Аян Тұрсын әйелдер арасында 50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде грэпплингтен Алматыда өткен Қазақстан чемпионатында алтын медаль жеңіп алды.

Ақтық сында ол алматылық қарсыласы Мәриям Сатаеваны тізе бүктірді. Осылайша, ел біріншілігінде армияның нұсқашы-спортшысы екінші жеңісіне қол жеткізді. Бойжеткен 2020 жылы республика чемпионы атанды.

Бұл жеңісіме қуанышым шексіз. Жеңіс жолындағы тартыс оңайға соққан жоқ. Ұрыста намысты қолдан бермеді, қарсыластар өте мықты болды. Сонымен қатар, Қорғаныс министрлігінің басшылығына қолдау көрсетіп, түрлі жекпе-жекке қатысуға мүмкіндік бергені үшін алғысымды білдіремін. Спорт аренасына Қарулы Күштердің атынан шығу мен үшін үлкен мәртебе, - деп ефрейтор Аян Тұрсын атап өтті.

Әскери спортшы грэпплингтен екі мәрте ел чемпионы атанды

Екі күнгі жарыста еліміздің түкпір-түкпірінен келген 200-ге жуық тәжірибелі жауынгер шеберліктерін дәлелдеді.

Грэпплинг – бұл жекпе-жектің басқа түрлеріне қарағанда салыстырмалы түрде беріде пайда болған түрі. Бұл жерде күрес техникасының әр түрі жинақталған, онда қылқындыру тәсілдерін қолдану шектелген. Спорттың бұл түрі бразилиялық джиу-джитсудың, еркін күрестің, жауынгерлік самбо мен дзюдоның ең тиімді техникалары негізінде құрылды, – деді Армия орталық спорт клубына қарасты әскери-қолданбалы спорт түрлері бөлімінің бастығы майор Мұрат Бижанов.

Айта кетер болсақ, бұл турнир AIGA Халықаралық әуесқой грэпплинг қауымдастығының қолданыстағы ережелері мен қағидаларына сәйкес өткізілді. Қазақстан чемпионатында үздік нәтиже көрсеткендердің 2021 жылдың маусым-шілде айларында Стамбул қаласында өтетін әлем чемпионатына қатысуы қаралады.

Өзгелердің жаңалығы