Ақтөбе облысында әскери салада абыройлы еңбек етіп, тату-тәтті өмір сүріп жатқан әскери қызметшілер отбасы жетерлік, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Солардың бірі — Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты Ақтөбе қаласында орналасқан №6655 әскери бөлімінің қызметшілері аға лейтенант Мейіржан Қасен мен Айдана Сағындықова.
Отағасы Мейіржан бүгінде аталған әскери бөлімдегі №3 жедел мақсаттағы батальонның №6 ротасының командирі болса, Айдана — тыл бөлімінің аға маманы, іс жүргізушісі.
Мейіржан Қарағанды облысы, Жезқазған қаласында туған. Өзінің ұжымында зор құрметке ие, қызметке деген құлшынысы ерекше, жігерлі офицер өз ісінің нағыз шебері. Қызмет барысында үздік взвод, рота командирі атанған.
Мен бала кезімнен әскери форма киіп, Бауыржан Момышұлы атамыздай батыр, даңқты командир болуды армандадым. Осы арманымды жүзеге асыру үшін 2014 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Петропавол қаласында орналасқан әскери институтына оқуға түстім. Аталған институтқа түсу үшін ережелерге сай тексерістен, оқу пәндері мен дене шынықтыру дайындығы сынақтарынан өтіп, жақсы нәтижеге қол жеткіздім. Осылайша оқуға қабылданып, патриот болып өстім. Әскери оқу орнында оқып жүргенімде футболмен айналысып, төрт жыл бойы әскери институттың футбол командасының құрамында ойнадым. Сондай-ақ институттың тыныс-тіршілігіне белсене атсалыстым. 2018 жылы аталған оқу орнын үздік бітіріп, алғашқы офицерлік «лейтенант» шеніне қол жеткіздім. Әскери саладағы алғашқы қызметімді Орал қаласындағы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының №5517 әскери бөлімінен бастадым, — дейді Мейіржан.
Кейіпкеріміз өзі атап өткен әскери бөлімде №3 жедел мақсаттағы ротаның №3 взвод командирі болып қызмет етіпті. Қызмет барысында өзін жақсы жағынан көрсетіп, 2019 жылы «Батыс» өңірлігінде жыл сайын ұйымдастырылатын сайысқа қатысып, «Үздік взвод командирі» атағына ие болған. Бұдан кейін араға бір жыл салып, Ақтөбе қаласындағы №6655 әскери бөліміне ауысқан. Осы әскери бөлімде рота командирінің орынбасары болып екі жылға жуық қызмет атқарған ол өткен жылдың қаңтар айынан бастап №3 жедел мақсаттағы батальонының №6 ротасының командирі лауазымына тағайындалған. Ал биыл Мейіржан басқаратын №6 жедел мақсаттағы рота әскери бөлімдегі өзге роталар арасында жауынгерлерінің оқу үлгерімі, жауынгерлік дайындықтары жағынан үздік роталар қатарынан көрініпті. Бұл жетістікке рота командирі, аға лейтенант Мейіржан Қасеннің қосқан үлесі зор. Мұны әріптестері де мойындайды.
Бауыржан Момышұлы атамыз: «Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деп, бекер айтпаса керек. Тәртіп пен тәрбие – қашанда тұрақтылық пен татулықтың кепілі. Сондықтан мен өз ротамда тәртіпті басты орынға қоямын, — дейді ол.
Мейіржанның келіншегі Айдана — Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданының перзенті. Ол Мейіржан екеуі былтыр күзде отау құрған. Ақтөбе қаласындағы Қазақ-орыс халықаралық университетін «заңгер» мамандығы бойынша бітірген ол 2020 жылы №6655 әскери бөліміне жұмысқа қабылданады. Алайда ол өз мамандығы бойынша емес, тыл бөлімінде іс жүргізуші болып қызметке орналасады. Қазір Айдана өз қызметін абыроймен атқарып, әскери саланың қыр-сырын меңгеріп жүр.
Екеумізде әскери салада қызмет етіп жүргеніміз мені қатты қуантады. Себебі әскери орта отансүйгіштікке, еліміздің нағыз патриоты болуға тәрбиелейді. Сондай-ақ жолдасым Мейіржан екеуміз бір-бірімізді кезіктіріп, шаңырақ көтеріп, отбасын құруға себепкер болған да осы әскери сала. Сондықтан екеуміз де осы қызметте зор тәжірибе жинақтап, белді маман болуға тырысамыз, — дейді Айдана.
Жас отбасы өздерінің лауазымдық міндеттерінен бөлек, әскери бөлімде өткізілетін мәдени-көпшілік шараларға да белсене қатысып келеді. Оған дәлел — Айдана жуырда Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығының ұйымдастыруымен өткізілген «Ұлттық ұлан аруы — 2023» сурет байқауында жүлделі бірінші орынды жеңіп алды.
Отан үшін адал қызмет етіп, еңбекте де, отбасын да ортақ жетістіктерге жетіп жүрген жас отбасы бүгінде көпке үлгі болып отыр. Әскери саланың тізгінін ұстаған жарасымды жұптың алдағы арманы да ортақ, ол – көп балалы отбасы болу. Ұрпақтарын бірге өсіріп, еліміздің патриоты етіп тәрбиелеу.
Жас отбасыға армандарыңыз орындалып, елге еткен адал еңбектеріңіз ақталсын деп тілектестік білдіреміз.