Әскери қызметшілер Ауған жауынгерлерін еске алды

15 Ақпан 2022, 19:15
1897
Бөлісу:
Әскери қызметшілер Ауған жауынгерлерін еске алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери бөлімдері мен мекемелерінде Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 33 жыл толуына орай іс-шаралар өткізілді, деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Интернационалист жауынгерлердің ескерткіштеріне гүл шоқтары қойылды. Ауғанстандағы ұрыс іс-қимылдарына қатысқан ардагерлерімен әскери қызметшілердің кездесулері, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері арасында ерлік сабақтары ұйымдастырылды. Ауған соғысының ардагерлері патриотизмнің, Отанға адал қызмет етудің және әскери борышты орындауға әзір болудың маңызды екенін айтты. 

Нұр-Сұлтан қаласындағы Қарулы Күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында ауған жауынгерлеріне арнап көрме мен концерт ұйымдастырылды. 

Кеңес әскерлерінің соңғы легі Ауғанстаннан 1989 жылдың 15 ақпанында шықты. Ауғанстандағы әскери іс-қимылдарға қатысушылар өздерінің әскери борыштарын абыроймен атқарып, қазіргі әскери қызметшілер үшін батырлықтың, ерліктің үлгісі болып табылады. 

Ресми статистикаға сүйенсек, Ауғанстандағы соғыс қимылдарына 22 мыңға жуық қазақстандық қатысты. Олардың 900-ден астамы қаза тапты, 21 адам хабар-ошарсыз кетті. Атап өтсек, 4 300-ден астам қазақстандық жауынгер ордендермен және медальдармен марапатталды, олардың алтауы Кеңес Одағының батыры, біреуі – Халық Қаһарманы атағын алды. 

Бүгінде елімізде 15 мыңнан астам интернационалист-жауынгер тұрады. Көбі елдің қоғамдық өміріне белсенді қатысып, жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу жұмысына атсалысады.

 

Өзгелердің жаңалығы