Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қорғаныс министрлігінде өткен аппараттық кеңесте әскерлерді тексеру қорытындылары шығарылып, жаңа оқу жылына дайындық бойынша нұсқаулар берілді.
Қарулы Күштер түрлерінің бас қолбасшылары мен әскерлер қолбасшылары бағынысты құрамалар мен бөлімдерді қорытынды тексерудің аяқталғаны туралы баяндады. Жеке құрамның, әсіресе атыстарды орындау және жауынгерлік машиналарды жүргізу мәселелерінде кәсіби деңгейінің өскені атап өтілді. Тексеру барысында алынған бағалар жыл қорытындысы бойынша әскери қызметшілерге сыныптық біліктілік беру үшін негіз болады, оған сәйкес ақшалай үстемеақылар есептеледі.
Енді бір ай көлемінде желтоқсанда басталатын жаңа оқу жылына дайындық бойынша іс-шаралар ұйымдастырылады.
Қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев тәжірибелік оқ атудан кейін қалған оқ-дәрілердің фрагменттерінен жаппай тазалау жүргізу қажет полигондар мен оқу-жаттығу алаңдарына назар аударды. Бұған арнайы техникасы бар штаттық инженерлік-саперлік бөлімшелер тартылатын болады.
Бұдан бөлек, оқ атуға және жүргізуге тартылған оқу-жауынгерлік техникаға регламенттік қызмет көрсетуді жүргізу бойынша міндеттер қойылды. Жаңа оқу жылына ол жеке құраммен сабақ өткізуге дайын болуы керек.
Қорғаныс министрі оқу-әдістемелік жиындарды өткізуде барлық санитариялық-эпидемиологиялық шараларды сақтай отырып, жабық үй-жайларда адамдардың жиналуына жол бермеуді тапсырды.
Бас әскери-медициналық басқармаға Нұр-Сұлтан қаласында Қарулы Күштердегі екінші ПТР-зертхананы жедел іске қосу жөнінде нұсқаулар берілді. Бұл жеке құрамды коронавирустық инфекцияға тексерумен кеңінен қамтуға, емдік және профилактикалық сипаттағы шараларды дер кезінде қабылдауға мүмкіндік береді. Алғашқы зертхана Алматыда осы жылдың мамыр айынан бастап жұмыс істейді. Екі зертхана да әскерге тегін көмек туралы уағдаластықтардың арқасында жеткізілді. Бұл бюджет қаражатының жұмсалуына әкеп соқпады.
Әскери бөлімдерде Төтенше жағдайлар министрлігімен өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталуын бірлескен тексеру ұйымдастырылды. Ең алдымен маңызды нысандар – қоймалар, арсеналдар, жанармай құю бекеттері тексеріледі. Командирлер аталған тексеруді сапалы жүргізу, ал бұзушылықтар анықталған жағдайда оларды жою бойынша шаралар қабылдау міндетін алды.
Қысқы кезең қарсаңында әскери және жеке автокөліктердегі жол қозғалысының қауіпсіздігіне назар аударылды. Гарнизондарда әскери-жол полициясы қызметкерлерінің әскери техника жүргізушілерімен және автоәуесқой әскери қызметшілермен нұсқаулық-әдістемелік жұмысы ұйымдастырылады.