Әскери-патриоттық клубқа Мәншүк Мәметованың есімі берілді

24 Қазан 2022, 10:45
2279
Бөлісу:
Әскери-патриоттық клубқа Мәншүк Мәметованың есімі берілді

Алматыда қазақтың даңқты қызы Мәншүк Мәметованың туғанына 100 жыл толуына арналған еске алу шарасы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлованың ескерткіші жанында өткен шараға Қорғаныс министрлігінің офицерлері, Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшылығы, Қарулы күштердің ардагерлері, гарнизонның әскери қызметшілері, "Жас сарбаз" республикалық қозғалысының өкілдері, қалың жұртшылық пен қала жастары қатысты. Жиналғандар ескерткішке гүл шоқтарын қойып, қаза тапқан батырларды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Әскери-патриоттық клубқа Мәншүк Мәметованың есімі берілді

Шара барысында Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Алматы филиалының әскери-патриоттық клубының қатарына жаңадан 30 тәрбиеленуші қабылданды. Олар салтанатты түрде ант беріп, жас патриот куәлігін алды. Ұйым басшылығы мен мүшелерінің шешімімен әскери-патриоттық клубқа бірауыздан "Мәншүк" атауы берілді.

Әскери-патриоттық клубқа Мәншүк Мәметованың есімі берілді

Бұл сендердің өмірлеріңдегі маңызды оқиға. "Жас сарбаз" қозғалысының қатарына қосылдыңдар. Бұдан былай Сендердің әскери-патриоттық клуб Кеңес Одағының Батыры, аты аңызға айналған пулеметші Мәншүк Мәметованың есімімен аталатын болады, – деп атап өтті Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы генерал-майор Серік Борамбаев жас патриоттарға арнаған сөзінде. 

Естеріңізге сала кетейік, қазіргі уақытта "Жас сарбаз" қозғалысы 250 мыңнан астам бала мен жасөспірімнің басын біріктіреді. Оның мақсаты - өскелең ұрпақты жоғары азаматтық белсенділікке, патриотизмге тәрбиелеу, жастар арасында салауатты өмір салтын, дене шынықтыруды және әскери-қолданбалы спорт түрлерін насихаттау.

Өзгелердің жаңалығы