Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының базасында халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Онда ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі күштік құрылымдардың рөлі талқыланды.
Оған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері, Шекара қызметінің, Ұлттық ұланның, Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшілері, сондай-ақ бейінді оқу орындары мен әскери кафедралардың профессорлық-оқытушылық құрамы қатысты. Өзекті мәселені талқылауға Армения, Әзірбайжан және Қырғызстан Қарулы күштерінің өкілдері онлайн режимде қосылды.
Мұндай іс-шаралар белсенді пікір алмасуға, ұлттық қауіпсіздіктің өзекті мәселелері бойынша зерттеу нәтижелерін талқылауға, ғылым мен практиканың байланысын нығайтуға, қазіргі заманғы сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерге тиімді қарсы тұруға мүмкіндік береді. Түрлі ведомстволарға бағыныстылығына қарамастан, біз өзара белсенді ынтымақтасуға тиіспіз, – деп атап өтті Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының бастығы полковник Қайрат Дауытов.
Конференция барысында экстремизмге қарсы іс-қимыл жүйесін жетілдіру, оны ғылыми-зерттеу және оқу-әдістемелік қамтамасыз ету, саяси, әлеуметтік-экономикалық және психологиялық факторлардың террористік қатерлердің пайда болуы мен дамуына әсерін зерттеу мәселелері қаралды. Жастарды медиа кеңістіктегі деструктивті қызметке тарту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Ғылыми форумда барлығы 50-ден астам түрлі материалдар ұсынылды.