Әскери міндеттілерді әскери жиындарға шақыру тәртібі бекітіледі

9 Қаңтар 2024, 23:47
185
Бөлісу:
Әскери міндеттілерді әскери жиындарға шақыру тәртібі бекітіледі
Фото: gov.kz

Қорғаныс министрлігі қорғаныс ведомствосы басшысының «2024 жылы әскери міндеттілерді әскери жиындарға шақыру туралы» бұйрығының жобасын әзірледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Нормативтік құқықтық акт «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» ҚР Заңы 33-бабының 1) тармақшасына сәйкес дайындалды. Іс-шараларды әскери басқару органдары, әскери дайындық жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органдар әскери міндеттілер мен азаматтардың білімін жетілдіру мақсатында, сондай-ақ ел заңнамасында көзделген өзге де жағдайларда жүргізеді.

Жиындардың мақсаты – бейбіт уақытта қысқартылған көлемде ұсталатын әскери бөлімдердің жауынгерлік және жұмылдыру дайындығын арттыру, жұмылдыру және оларды соғыс уақытында жасақтау аудандарында жасақтау кезінде Қарулы күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды өрістетуге қажетті әскери-оқытылған ресурстарды дайындау және запаста жинақтау.

30 күндік әскери жиындар 2007 жылдан бастап жыл сайын өткізіліп келеді. Жиын кезінде әскери міндеттілердің жұмыс орны мен атқаратын лауазымы сақталады. Оларға орташа жалақы, ал жұмыссыздарға мемлекет есебінен ең төменгі жалақы төленеді. Әскери міндеттілерді теміржол немесе автомобиль көлігімен тасымалдау, оларды тамақпен қамтамасыз ету ҚР Қорғаныс министрлігінің қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Бұдан бөлек әскери жиындарға шақырылған барлық әскери міндеттілер әскери міндеттілердің тиісті санаттары үшін белгіленген нормаларға сәйкес заттай мүлікпен және әскери қызметшілермен тең дәрежеде медициналық қызметпен қамтамасыз етіледі. Жиынға шақырылған барлық әскери міндеттілер казармалық жағдайда болады. Оларды бөлімнің орналасқан жерінен сейілге шығуын рота командирлері ішкі қызмет жарғысында белгіленген тәртіппен жүргізеді.

Әскери тәртіп пен қоғамдық тәртіпті бұзғаны, қылмыс жасағаны, сондай-ақ мемлекетке келтірген материалдық залалы үшін әскери жиындарға шақырылған әскери міндеттілер елдің заңнамасына сәйкес жауапқа тартылады. Әскери міндеттілердің әскери жиындардан жалтаруы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес бес айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұл салуға әкеп соғады.

Өзгелердің жаңалығы