Әскери дәрігер ұшақта жолаушының өмірін сақтап қалды

25 Қыркүйек 2024, 20:44
368
Бөлісу:
Әскери дәрігер ұшақта жолаушының өмірін сақтап қалды
Фото: Қорғаныс министрлігі

Қорғаныс министрлігінің әскери дәрігері ұшақта жолаушының өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қорғаныс министрлігінің басшылығы бұл оқиға жайлы Құрлық әскерлері әскери институтының бастығы генерал-майор Бауыржан Ибатулиннің блогына келіп түскен хаттан білді.

Хат авторы Шолпан И. жоғары оқу орнының медицина қызметінің бастығы подполковник Ахмаджан Төленовке шын жүректен ризашылығын білдірген. 9 қыркүйекке қараған түні А. Төленов түріктің Анталья қаласынан Алматыға ұшып бара жатқан ұшақ бортында оған шұғыл медициналық көмек көрсеткен.

Шолпанның айтуынша, ұшақта ол өзін нашар сезінген. Әйел стюардессаларды шақыратын түймені басып үлгергенімен, есінен танып қалған.

Мені ұшақтың дәлізіне жатқызды. Есімді жиғанда ең бірінші ер адамның көмек көрсетіп жатқанын сезіндім. Ол менің басымды қозғалтпай, мұрнымның астындағы нүктені басты. Содан соң менен хал-жайымды сұрады. Осы кезде мен қауіптің сейілгенін түсіндім. Өзімді қауіпсіз сезініп, тынышталдым, – деді Шолпан.

Бұл процеске сол рейспен ұшқан кардиолог та қосылды. Дәрігерлер әйелдің есін жиғызып, қан қысымын өлшеп, қажетті дәрі-дәрмектер берген.

Шолпан И. өз жазбасында есін жиып, үйіне аман-есен ұшып жетуге көмектескен кәсіби мамандардың дер кезінде көрсеткен көмегін ерекше атап өткен.

Әйел ес-түссіз халде болды. Денесі құрысып, суық тер шығып, бозарып кетті. Тағы бір жолаушының көмегімен біз оның миына дұрыс қан баратындай және тыныс жолдары ашылатындай етіп жатқыздық. Қажетті көмек беріп, есін жиғыздық. Денені дұрыс жатқызу және мұрынның астындағы жүйке шоғыры орналасқан нүктені басу тез арада есін жидыруға мүмкіндік берді, – деп нақтылады әскери дәрігер.

Ахмаджан Төленов – жалпы тәжірибелік хирург. Ол Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясын бітіріп, орталық аудандық ауруханада қабылдау бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істеген. Қарулы күштердің Шымкент, Гвардейск гарнизондарында қызмет атқарған ол оқу-жаттығуларда өзін білікті маман ретінде көрсете білді. Сондықтан мұндай сәтте қалай әрекет ету керектігін жақсы біледі. Ол өзінің қауырт жағдайдағы іс-әрекетін кәсіби және адамгершілік парызы деп санайды.

Әскери институт басшылығы жоғары қолбасшылыққа әскери қызметшіні марапаттау туралы қолдау хат жіберді.

Өзгелердің жаңалығы