Абай облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты Мобилизациялық даярлық және мобилизацияны қамтамасыз ету қызметінің Семей қаласындағы емханаға қарсы талап арызы бойынша азаматтық істі қарады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Іс материалдарына сәйкес, аталған медициналық мекеме мемлекеттік сатып алу келісімшарты аясында 2023 және 2024 жылдары әскерге шақырылушыларға медициналық тексеру жүргізуі тиіс болған. Бұл жұмыстардың жалпы құны 99 млн теңгеге бағаланған.
Алайда тексеріс жүргізген Шығыс өңірінің Әскери прокуратурасы келісімшарт талаптарынан артық төлем жасалғанын анықтады. Медициналық тексеруден өткен шақырылушылар саны техникалық ерекшелікте көрсетілген көрсеткіштен аз болып шыққан.
Емхана өкілдері қарсы талап арыз беріп, келісімшарттардағы шақырылушылар саны қате көрсетілгенін алға тартып, олардың кейбір талаптарын жарамсыз деп тануды сұраған. Алайда сот бұл өтінішті қанағаттандырмаған.
Сот іс материалдарын зерттей келе, орындалған жұмыстар актілеріне келісімшартта көзделген көлемнен артық сома төленгенін анықтады. Көрсетілген сандық көрсеткіштер техникалық ерекшеліктерге орындалмайды деген мақсатта енгізілгені туралы дәлелдер ұсынылмады. Осыған байланысты артық төленген қаражат негізсіз байыту болып табылады және мемлекет кірісіне қайтарылуы тиіс, - деп хабарлады Абай облыстық сотының баспасөз қызметі.
Нәтижесінде сот шешімімен емханадан мемлекет кірісіне 43,5 млн теңге өндірілді. Шешім заңды күшіне енді.