Жамбыл облысындағы Гвардейск гарнизонындағы әскери бөлімде сарбазға күш қолданылып, оның жақ сүйегі сынған. Оқиғаға байланысты Әскери полиция қылмыстық іс қозғап, бірнеше лауазымды тұлға қызметінен шеттетілді. Тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Алдын ала мәліметке сәйкес, әскери қызметшіге күш қолданылып, салдарынан оның жақ сүйегі сынған.
Қазіргі уақытта сарбаз Алматыдағы Әскери-клиникалық госпитальда ем қабылдап жатыр. Дәрігерлер қажетті медициналық көмекті көрсетуде, науқастың жағдайы бақылауда.
Әскери полицияның Бас басқармасы мәлім еткендей, материалдар сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелген. Қазіргі уақытта жан-жақты тексеру жүргізілуде.
Тергеу барысында оқиғаға қатысы бар барлық тұлғаның, сондай-ақ әскери бөлімнің жоғары басшылыққа жарғылық емес қарым-қатынас дерегі туралы уақтылы баяндамаған және медициналық көмекті ұйымдастыруда тиісті шаралар қабылдамаған лауазымды тұлғалардың әрекеттеріне құқықтық баға беріледі, - деп хабарлады ведомстводан.
Тексеру кезеңінде бірқатар лауазымды тұлға қызметтік міндеттерін атқарудан уақытша шеттетілді.
Ведомство өкілдері тергеу қорытындысы бойынша кінәлілер заңға сәйкес жауапкершілікке тартылатынын атап өтті. Оқиға Қарулы күштер басшылығының бақылауында. Қосымша мәліметтер әзірге жарияланған жоқ.
Еске салайық, 27 қаңтарда Жамбыл облысында қаруды ұстау кезінде ауыр жарақат алған мерзімді қызметтегі әскери қызметші қайтыс болды.
Еске салсақ, ҚР Қорғаныс министрлігі жыл басынан бері әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты шұғыл шаралар қабылданғанын мәлімдеді. Бірнеше сарбаз қаза болғаннан кейін командирлер қызметінен босатылды.