Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің«Ашық сағат алаңы» жобасы аясында Индустриялық даму комитеті Мұнай-газ машинасын жасауды дамытудың халықаралық орталығымен бірлесіп басқосу өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
ИИДМ баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, бейнебайланыс форматындағы жиынға отандық шағын және орта бизнес өкілдері мен «Қазақстан машина құрыстыру» ЗТБ басшылары да қатысқан.
Кездесу барысында мұнай-газ саласындағы машина құрыстыруды дамыту тетіктері таразыланып, осы тараптағы қордаланған мәселелерді шешу жолдары талқыланды. Атап айтқанда, басқосуда Мұнай-газ машинасын жасауды дамытудың халықаралық орталығының 2021-2022 жылдардағы атқарған жұмыстары екшеліп, жергілікті мұнай-газ секторындағы операторлар (KPO, NCOC, TCO) үшін қажетті мұнай-газ машина құрылғылары айқындалды.
Қазіргі күнде Қазақстанда мұнай-газ саласындағы машина құрастырумен айналысатын 91 кәсіпорын жұмыс істейді. Өндіріс ошақтарының 12-і – ірі, 15-і – орта және 64-і – шағын. 2021 жылдың қорытындысы бойынша аталған кәсіпорындар құны 68,5 млрд теңгенің өнімін өндірген. Ал биылғы алғашқы 7 айда шығарылған өнімнің жалпы сомасы 37,5 млрд теңгені құрайды. 2022 жылдың 6 айында экспортталған өнім 40,8 АҚШ долларына артқан (өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіш – 31,6 АҚШ доллары).
Осы орайда атап өтерлігі, саладағы қазақстандық өнімнің үлесі айтарлықтай аз. Шамамен 3,7 пайыз көлемінде. Мұнай-газ машиналарының басым бөлігі шетелден әкелінеді.
Осы мәселені оңтайлы шешу мақсатында отандық кәсіпорындардың өкілдері саладағы бірқатар түйіткілді жайттарды жеткізіп, ұсыныстарын айтты. Оның ішінде ірі мұнай-газ операторларынан тапсырыстар қабылдау тетіктері де таразыланды.
Басқосу қорытындысы бойынша ҚР ИИДМ Индустриялық даму комитеті бірқатар шешімдер қабылдады. Атап айтқанда, мұнай-газ саласындағы компаниялармен келіссөздер жүргізіліп, Шеврон Қорының жергілікті жерлерді дамыту Бағдарламасы шеңберінде көтерілген мәселелерді түбегейлі шешу жолдары қарастырылмақ. Сондай-ақ жиын қатысушылары машина құрастыру саласының дамуына кедергісін тигізетін тосқауылдарды бірлесе шешу бағытындағы жұмыстарды одан әрмен жалғастыруға уағдаласты.