«Ashyq». 3000-нан астам адамның карантин бұзғаны анықталды

9 Маусым 2021, 20:10
3034
Бөлісу:
«Ashyq». 3000-нан астам адамның карантин бұзғаны анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Ashyq» жобасы енгізілгеннен бері 3 140 үй карантинін бұзушы анықталды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова «Елордада «Ashyq» пилоттық жобасының жүзеге асырылу барысы және сауда, ойын-сауық орталықтарының вакциналауға қатысуы» тақырыбында өткен онлайн-брифингте мәлімдеді.

Бейсенованың айтуынша, елордада 101 тәртіп бұзушы анықталды, олар қосымшадағы «қызыл» және «сары» статусына қарамастан мекемелерге кірген. Сархат Бейсенова өз сөзінде оларға оқшаулау режимін сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілетінін атап өтті.

 

Амбулаториялық науқастардың және жақын байланыста болған адамдардың шектеу шаралары мен карантинді бұзуына бірнеше рет назар аударылды. Олар әлі де коронавирустық инфекцияның көбеюінің негізгі себебі болып қала береді, - деді Нұр-Сұлтанның бас санитарлық дәрігері.

Қаланың бас санитарлық дәрігерінің мәліметінше, жүргізіліп жатқан іс-шаралардың арқасында COVID-19 жағдайы тұрақтанып, індет көрсеткіші төмендеді. 100 мың тұрғынға шаққандағы апталық сырқаттанушылық көрсеткіші мамыр айымен салыстырғанда 210-нан 110-ға дейін төмендеді. Қазіргі уақытта қалада инфекцияның белсенді ошағы – 1 576, оның ішінде: үй – 1 229, ұйымдастырылғандар арасында – 347. Медициналық бақылауда 3 216 байланыста болған адам бар.

Коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу мақсатында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі КВИ-мен ауыратын науқастар мен байланыста болған адамдар үшін санитариялық қағидаларды бекітті. Оқшаулау режимін орындамай, «Ashyq» платформасы арқылы анықталғандарға әкімшілік жаза қарастырылған.

Қаулыға сәйкес, егер азамат статусын біле тұра, өзін-өзі оқшаулау режимін бұзса және айналасындағыларға қасақана жұқтыру қаупін тудырса, онда ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабының 1-бөлігімен оған 30 АЕК немесе 87 510 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл түріндегі жаза қолданылады. Осы қағидалар 2021 жылдың 10 маусымында күшіне енеді.

«Қызыл» немесе «сары» статусы бар тұрғындар оқшаулау режимін бұзып, қоғамдық орындарда емін-еркін жүрсе, COVID-19 тасымалдаушы болып саналады. Осылайша иммунитеті төмен азаматтарға, қарттар мен балаларға, сондай-ақ басқа да қауіп тобындағы адамдарға жұқтырады. Бұл өз кезегінде Нұр-Сұлтан қаласының «қызыл аймақтағы» уақытын ұлғайтып, сырқаттанушылық көрсеткішінің күнделікті өсуіне әсер етеді, - деп қорытындылады Нұр-Сұлтан қаласының бас санитарлық дәрігері. 


 

Өзгелердің жаңалығы