Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тікелей эфирде ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринованың қатысуымен қашықтан оқытудың аралық көрсеткіштері туралы брифинг өтті. Онлайн форматта өткен брифингке мұғалімдер мен педагог-психологтар қатысты.
Алғашқы оқу аптасында әр мектеп өзіне лайықты сабақ кестесін жасап, қашықтан оқытудың тиімді форматын белгілеп алды. Ендігі аптада жұмыс сапасы одан әрі жақсара түседі деп күтудеміз. Біздің көздеген басты мақсатымыз – осы қиын кезеңде оқушыларды сапалы біліммен қамтамасыз ету. Осы ретте атқарылып жатқан жұмыстар дұрыс бағытта жүзеге асырылып жатыр деп анық айтуға болады. Мұғалімдерден ешқандай есеп талап етілмейтіндігі туралы айтылған болатын. Әрине, өкінішке орай, алғашқы оқу аптасында мұғалімдерден есеп талап ету фактілері орын алды. Бұл ретте тиісті шаралар қолданылып, білім басқармалары, аудандық және қалалық білім бөлімдеріне мұндай фактілерге жол берілмеуі керектігі туралы тағы бір мәрте ескертілді. Бүгінгі таңда бөлімді жиынтық бағалау мен тоқсандық жиынтық бағалауға байланысты көптеген сұрақтар келіп түсуде. Алдағы уақытта осы тақырып төңірегінде түсіндірме жұмыстары жүргізілетін болады. Әріптестеріміз бен ата-аналардан келіп түсетін барлық өтініштерге жауап беруге барынша тырысып жатырмыз, – деді білім және ғылым вице-министрі Каринова.Қашықтан оқыту барысында білім алуда ерекше қажеттіліктері бар балаларға да жағдай жасалған.
Телесабақтар көрсетіліп жатқан республикалық "Ел арна" және "Балапан" арнасына оқудың екінші күнінен бастап сурдоаудармашылар қосылды. Бүгінгі күні коррекциялық педагогика ұлттық ғылыми зерттеу орталығы осы бағыттағы жұмыстармен айналысып жатыр. Қашықтан оқыту барысында білім алуда ерекше қажеттіліктері бар балалар назарымыздан тыс қалған жоқ, – деді Білім және ғылым вице-министрі.
Қазақстандық оқушылар мен ұстаздарға "Kundelik" электрондық журналы, "BilimLand", «Daryn.online» жүйесі және басқа да бірнеше цифрлық білім беру ресурстарын пайдалану ұсынылған болатын.
Соңғы 5 күннің қорытындысы бойынша оқушылардың осы платформаларды цифрлық білім беру ресурсы ретінде пайдаланғанын көріп отырмыз. Аптаның ең бірінші күні техникалық ақаулар туындап, бұл өз кезегінде «Kundelik» жүйесінің дұрыс жұмыс істемеуіне әкеп соқты. Бірақ техникалық ақаулар уақытылы жойылып, мәселе оңтайлы шешімін тапты, - деді вице-министр.
Вице-министрдің айтуынша, 800 мыңнан астам оқушы телесабақтарды тамашаласа, интернет байланысы мүлдем жоқ 57 елді-мекенде 4 мыңға жуық бала пошта байланысы арқылы қашықтан оқып жатыр. Қазақстан бойынша 25 мыңнан астам оқушы білім алатын 454 мектеп штаттық режимде жұмыс істейді.
Шолпан Таңатқызы қорытынды аттестаттаудың болмайтындығы туралы да сөз қозғады.
Бұл 9, 11 сыныптарға қатысты ақпарат. 2019-2020 оқу жылының үш тоқсанының қорытындылары жасалды. IV тоқсанда қашықтан оқыту барысында бөлім бойынша және тоқсан бойынша жиынтық бағалау өткізілетін болады. Осылардың негізінде жылдық баға шығарылып, 9, 11 сыныптарда қорытынды емтихандар өткізілмейді. «Балапан» және «Ел арна» республикалық телеарналарында сабақтар көрсетілуде. Нұр-Сұлтан қаласының ұстаздары мен Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімдері осы түсірілімдерге қатысып, сабақтарды оқушыларға сапалы түрде жеткізу барысында қыруар жұмыстар атқарылды. Мұғалімдер асқан жауапкершіліктерін танытып, өз ісіне берілген нағаз маман екендіктерін көрсетіп жатыр. Бұрынғы дәстүрлі форматта сабақ белгілі бір кесте бойынша жүретін еді, ал қашықтан оқыту форматында нақты уақытты белгілеудің қажеті жоқ. Ең бастысы, мұғалім мен оқушы арасында байланысты дұрыс орнату қажет, – деді білім және ғылым вице-министрі.
Сөз кезегінде мектеп мұғалімдері қашықтан оқыту форматына қатысты өз ой-пікірлерін білдіріп, психологтар кеңестерін айтып жеткізді.