Қашықтан оқыту форматының сақталу себебі неде?

10 Қыркүйек 2020, 13:05
1000
Бөлісу:
Қашықтан оқыту форматының сақталу себебі неде?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг барысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мектептердегі қашықтан оқыту форматы мәжбүрлі шара екенін айтты. 

Коронавирустық инфекцияның ықтимал екінші толқынының алдын алу үшін біз шектеу шараларының бір бөлігін сақтадық. Оның ішінде 1 қыркүйектен бастап барлық мектептерде қашықтан оқыту форматы да бар. Бұл мәжбүрлі шара. Қазір шараны жеңілдету  мәселелерін пысықтап жатырмыз, бірақ бұл кезең-кезеңімен жасалатын болады, - деді ол.

Ол білім беру ұйымдары үшін онлайн-оқыту режимін сақтау келесі себептерге байланысты болғанын атап өтті.
Наурыз айынан бастап Қазақстанда балалар арасында коронавирустық инфекцияның 2 418 жағдайы тіркелді. Олардың 98%-ы сауығып, 34-і емделуде. Ұйымдастырылған жабық ұжымдардың қалыптасуы инфекцияның таралу қаупін тудырады. Екінші  себеп - ДДСҰ мәліметтері бойынша, 12 жасқа дейінгі балалар арасында вирустың таралу тізбегі аз. Бірақ, бәрібір таратады. Ал 12 жастан асқан адамдар коронавирустық инфекцияның таралуында белсенді рөл атқарады және ол отбасы мүшелеріне жұқтыруы мүмкін, - деді Алексей Цой.
Министр мектептерде тиісті шаралар орындалмаса, вирусты бақылау мүмкін болмайтынын айтты.
Мектептерде қойылғын талаптарға қарамастан, мысалы, байланыссыз термометрия, сыныптғы бала саны, әлеуметтік қашықтық, маска режимі, мектеп ішіндегі балалардың қозғалысын шектеу сияқты шаралар сақталмаса, КВИ ауруын бақылау мақсатына қол жеткізілмейтінін түсінеміз. Біз олардың мектеп қабырғасында толық сақталуын қамтамасыз етудің өте қиын екенін де жақсы білеміз. Әсіресе, төменгі сынып оқушыларын ұзақ уақыт бойы бір жерде ұстау өте қиын. Алайда, карантин режимі сақталмаған жабық үй-жайларда топ баланың шоғырлануы аурудың таралу қаупін тудырады.  Мұндағы инфекцияның берілу қаупі  ересектер арасындағы вирустың таралуына қарағанда, бірнеше есе артады, - деді ол.
Алексей Цойдың айтуынша, егер сыныпта бір оқушы ауырып қалса, онда бүкіл сынып пен мұғалім 14 күндік карантинге кетеді.
Білім беру ұйымдарында ауру жағдайларын тіркеу кезінде жақын байланыста болғандар саны бірнеше есеге артады. Мәселен, егер сыныпта бір оқушы ауыра қалса, онда бүкіл сынып пен мұғалім 14 күндік карантинге кетеді, сонымен қатар, отбасылық байланыстар тағы бар. Егер науқастың басқа біреумен сыныптан тыс қарым-қатынаста болғаны анықталса, онда ол адамдар да тиісінше карантинге жіберіледі, - деді министр.
Өзгелердің жаңалығы