Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысы қашықтан оқытуға көшуге дайын. Балалардың басым бөлігі төртінші тоқсанды онлайн режимінде бастайды - бұл үшін олар гаджеттермен және интернетке қолжетімділікпен қамтамасыз етілді. Шағын ауыл мектептері бұрынғыдай жұмыс істейтін болады.
Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов пен Білім басқармасының басшысы Есенғазы Иманғалиев тікелей эфирде мәлім етті.
- 6 сәуірден бастап оқушылар арасында қашықтықтан оқыту басталады. Бұл Қазақстан үшін, біз үшін жаңа тәжірибе. Сондықтан біз осы жаңалыққа түсіністікпен қарауды сұраймыз. Әсіресе ата-аналар тарапынан. Менің ойымша, қазір ата-аналардың басты міндеті – балалармен, мектеппен және мұғалімдермен бірге ақпарат пен білімнің пайдалы және өнімді көздерін іздеу және пайдалану болып табылады. Бұл бағытта біз бірлесіп жұмыс істеуіміз керек. Құрметті ата-аналар, біз біргеміз! Осы қиындықтарды бірге өткереміз. Ең бастысы - өзіңіз және жақындарыңызға, денсаулығыңызға қамқорлық жасап, карантин кезінде барлық шараларды сақтаңыздар, - деді облыс әкімінің орынбасары.Жаңа тоқсанның басталуымен 123 шағын жинақты шалғайдағы ауылдық мектептер қашықтан білім беруге көшпейді. Онда 7 624 адам оқиды. Олар екі ауысымда жұмыс істейтін болады, сыныптардың толымдылығына қарамастан кабинеттік жүйе алып тасталады, мектептердегі санитарлық режим күшейтіледі.
- 187 198 оқушы, бұл жалпы санның 94%-ы интерактивті платформаларда оқитын болады. Бұл санаттағы балалар компьютерлермен, гаджеттермен және интернет желісіне қосылумен толық қамтамасыз етілді. 2% немесе 4 619 оқушы үшін қашықтан оқытуды "Ел арна" және "Балапан" республикалық арналарында телевизиялық сабақтар арқылы ұйымдастырылады. Бұл сабақтар тек телеарналарда ғана емес, интернетте де, радиода да қолжетімді болады, - деп хабарлады Есенғазы Иманғалиев.
Ол сондай-ақ теле сабақтар арқылы білім алған оқушыларға материалдар мен тапсырмалар поштамен жіберілетінін атап өтті.
Қарағанды облысында мектебі жоқ 125 ауыл бар. Онда 2 105 оқушы тұрады. Олардың 1 477-і қашықтықтан білім алады, оларды гаджеттермен және интернетке қолжетімділікпен қамтамасыз етілді. 105 адам оқуды теледидардың көмегімен жалғастырады, ал тапсырмалар поштамен жіберіледі. Тағы 453 бала жақын маңдағы ауылдардағы мектептерге баратын болады. 70 бала туыстарына уақытша көшірілді, олардың 15-і қашықтықтан және 55-і дәстүрлі түрде оқытылады. 12 мың оқушы мен 2 мың педагог гаджеттермен қамтамасыз етілді. Оларға 14 мыңға жуық мектеп компьютерлері уақытша пайдалануға берілді. Бұған қосымша 1 049 планшет пен 150 компьютер сатып алынды. Көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан 1 915 бала демеушілердің қаражаты және бюджет есебінен интернет-байланыспен қамтамасыз етілді. Қашықтықтан оқыту кезеңінде аймақтың интернет-провайдерлері пайдаланушыларды нөлдік теңгерімде болса да желіден ажыратпауға келісті. Сонымен қатар, BilimMediaGroup және DarynOnline білім беру платформаларына кіру тегін болады. Өңірде 1 сәуірде 16 мың онлайн-сабақ өтті, оған 166 мың оқушы қатысты. Қашықтықтан оқыту кезеңінде мұғалімдерге скриндер жасап, өткізілген сабақтар туралы есептерді тапсырудың қажеті жоқ. Оқушыларға баға қойылмайды. Мектеп түлектеріне арналған емтихан форматы мен тестілеу кезеңі бұрынғыдай қалады. Әзірге бұл мәселеге қатысты өзгерістер болатыны туралы әңгіме болған жоқ, - деді ол.
Қашықтан оқыту туралы сұрақтарыңызды мына телефондар арқылы алуға болады: (8-7212) 50-25-00 және (8-7212) 25-25-02. Егер сіз қиын жағдайға тап болсаңыз, 8-800-004-00-50 нөміріне қоңырау шалып, көмек ала аласыз.