АШМ: Субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізілді

24 Наурыз 2023, 20:02
1025
Бөлісу:
АШМ:  Субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізілді
Фото: agrosektor.kz

Агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне кредит беру кезінде сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ол тек ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру немесе қайта өңдеу саласындағы басым жобалар бойынша тауарлардың бекітілген тізбесіне сәйкес қызметін жүзеге асыратын субъектілерге ғана субсидия беруді көздейді.

Бұл жаңалық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және (немесе) қайта өңдеу саласындағы ЭҚЖЖ-ға сәйкес келмейтін бір күндік фирмалардың, жалған кәсіпорындар мен субъектілердің субсидия алуын болдырмау мақсатында енгізілді.

Бұдан басқа, субсидиялаудың ашықтығын арттыру және бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалануды болғызбау мақсатында субсидиялау тетігін іске асыру бөлігінде қаржы институттары мен қарыз алушыларға қойылатын талаптар күшейтілді. Қағидалардың жаңа редакциясына сәйкес, қаржы институты қарыз алушының (көрсетілетін қызметті алушының) қарыз шартының талаптарын сақтауын, оның ішінде кредит беруге арналған қарыз шарты бойынша қаражатты толық игеру және нысаналы пайдалану бойынша тексеруді қамтамасыз етеді. Ал қарыз алушы қаржы институтына кредиттік қаражатты нысаналы пайдалану туралы тиісті ақпаратты ұсынады.

Сондай-ақ Қағидалардың жаңа редакциясында 2022 жылы ҚР Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесі ұлғайғанға дейін қарыз шарттарын жасасқан АӨК субъектілерін субсидиялауға қол жеткізуді қамтамасыз етуге бағытталған нормалар көзделген, бұған қоса базалық мөлшерлемені ескере отырып, субсидиялау тетігі сақталған. Бұл түзетулер субсидиялауға, оның ішінде «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына қатысушы фермерлерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Тағы бір маңызды өзгеріс қайта қаржыландырылатын қарыздардың сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау бағдарламасына қатысу үшін мүмкіндікті қосу болып табылады. Бұл фермерлерге кредит берудің неғұрлым тартымды шарттары бар бір қаржы институтынан екіншісіне – қаржыландырудың неғұрлым икемді шарттарымен ауысу мүмкіндігін береді. Бұл ретте сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау түріндегі мемлекеттік қолдауға қолжетімділік сақталады.

Сондай-ақ Қағидалардың жаңа редакциясы күшіне енген кезде субсидиялауға қол жеткізуді субсидиялау бағдарламасына қайта қатысқысы келетін, шарттары қайта қатысуға ұсыныс берілгенге дейін 4 жылдан астам және одан да көп уақыт қолданылатын АӨК субъектілері алады. Бұл қиын қаржылық жағдайға байланысты субсидиялау бағдарламасынан шығарылған фермерлерге қарыз шартын жасасу күніне қарамастан бағдарламаға қатысуын қалпына келтіруге мүмкіндік береді, - деп түсіндірді министрлік.

Айта кетейік, Қағидаларда ауыл шаруашылығы кооперативінің мүшелерінен осы мүшелер тұратын ауыл шаруашылығы кооперативіне борышты аудару себебі бойынша қарыз шартына тиісті өзгерістер енгізілген жағдайда, ауыл шаруашылығы кооперативінің қарыз шарттары бойынша борышты өз мүшелеріне ауыстыру кезінде, ауыл шаруашылығы кооперативінің қарыз шарттары бойынша борышты ауыл шаруашылығы кооперативінің басқа мүшесіне беру кезінде, сондай-ақ  дара кәсіпкер ретінде қызметтің басталғаны туралы хабарламада көрсетілген деректер өзгерген кезде субсидиялау шартының деректемелерін өзгерту мүмкіндігі көзделген.

 Мұның барлығы фермерлердің кредиттік қаражатқа қолжетімділігін арттыруға, кредиттік жүктемені азайтуға және бюджет қаражатының мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Өзгелердің жаңалығы