Құс тұмауы: АШМ құстардың жаппай қырылу себебін түсіндірді

21 Қыркүйек 2020, 15:24
4028
Бөлісу:
Құс тұмауы: АШМ құстардың жаппай қырылу себебін түсіндірді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг барысында айтты.

Бүгінде еліміздің бес өңіріндегі 26 ауданның 47 елді мекенінде үй құстарының қырылғаны анықталды. Жеке аулалардағы қырылған құстардың жалпы саны 12 926 басты құрады. Сондай-ақ, СҚО құс фабрикасында 41 мың бас құстың қырылу жағдайы тіркелді, - деді ол. 

Гүлмира Исаева құстардың қырылуы жабайы құстармен байланысты болып отырғанын айтты.

Қазіргі таңда жабайы құстар солтүстіктен оңтүстікке ұшып бара жатыр. Бұл құстар су қоймаларында болған. Оны үй құстары пайдаланып, ауру жұқтырған. Зертханалық жұмыстар жүргізілген соң, «құс тұмауы» деген нақты диагноз қойылды. Тиісті шаралар жүргізілді, - деді ол.

Сондай-ақ, вице-министр арнайы вакцина бөлінгенін атап өтті.

Республикалық қордан 1,4 миллион доза көлемінде вакцина бөлінді. Бұл 1,7 миллион құсқа вакцина салуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ертең қосымша 1 миллион вакцина жеткізіледі. Ол 3,5 миллион құсқа екпе жасауға мүмкіндік береді, - деді Исаева.
Айта кетейік, жақында СҚО-ның 7 ауданында құс тұмауының ошақтары табылған болатын. Кейіннен СҚО аудандарында құс тұмауына байланысты карантин енгізілгені анықталды. ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың тапсырмасымен вице-министр Гульмира Исаева бастаған арнайы топ Солтүстік Қазақстан өңіріне келіп, облыста жоғары патогенді құс тұмауының таралуына жол бермеу мақсатында жасалып жатқан кешенді шаралардың барысын тексерді.

Өзгелердің жаңалығы