Қостанай облысындағы өрт АӨК-ке айтарлықтай зиян келтірген жоқ, деп хабарлайды BAQ.KZ.
4 қыркүйегіндегі соңғы мәліметтер бойынша Қостанай облысындағы өрт салдарынан Қарасу ауданының Люблинка ауылында және Әулиекөл ауданының Аманқарағай ауылында 12 бас ІҚМ, 118 бас шошқа және 261 бас құс қырылды. Ақпаратты ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық инспекциялары және облыстың Ауыл шаруашылығы басқармасы ұсынды.
Қостанай облысы әкімдігінің және ТЖМ ақпараты бойынша орман өртінің салдарынан азын аулақ ауыл шаруашылығы дақылдарының зардап шеккен егістік учаскелері бар. Бірақ, алқаптар жаппай жойылған жоқ. Атап айтқанда, Қарабалық ауданында 17 га егін орағы өртенді. Меңдіқара ауданында 1 га дәнді дақылдар зардап шекті. Өртенген дақылдың көлемі нақтыланып жатыр. Қосымша ақпарат мәліметтер түскен соң берілетін болады.
Айта кетейік, өңірдегі жалпы егіс алқабы 5,3 млн га құрайды, оның ішінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 3,9 млн га, бидай 3,5 млн га және майлы дақылдар 749,1 мың га.
Сондай-ақ, өңір әкімдігінің жедел мәліметтері бойынша, биылғы жылдың 3 қыркүйегіне дейін 1,8 млн га немесе егіс алаңының 45,3%, 1,8 млн тонна дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар жиналды.