АШМ: Өлген балықтар Жайық өзеніндегі табиғи популяцияға әсер етпейді

13 Наурыз 2019, 21:43
3823
Бөлісу:
АШМ: Өлген балықтар Жайық өзеніндегі табиғи популяцияға әсер етпейді

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атырау облыстық әкімдігінде ҚР Энергетика вице-министрі Сәбит Нұрлыбайдың төрағалығымен ведомствоаралық комиссияның жиналысы өтті. 

Спикердің айтуынша, 2 желтоқсан 2018 жылдан күні бүгінге дейін Жайық өзенінен 111,4 тонна балық жиналған. Оның 103 тоннасы Луговой жылқы зауытында және Жайық-Атырау бекіре өсіру зауытында жасанды түрде өсірілген бекіре тұқымдас балықтар.  8, 6 тонна балық Жайық өзенінен жиналған қара балықтар.

-Жайықта балық қырылғаны туралы деректен кейін ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргіздік,  нәтижесінде су айдынының ихтиофаунасы 21 мың тонна әр түрлі тұқымдас балықтар екені анықталды.  8,6 тонна өлген балықпен салыстырсақ, 0, 04 пайызы ғана. Сол себепті балық өлімі  Жайықтағы балықтардың табиғи популяциясына көп әсер етпейді,  - деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің басқарма басшысы Нариман Жүнісов.

ҚР Энергетика вице-министрінің айтуынша, бүгін,  13 наурызда ведомствоаралық комиссия мүшелері Дамбы ауылының аумағында су асты түсірілім жұмыстарын жүргізген.

-Бейнекадрларда көрсетілгендей,  Жайық өзенінің түбінде өлі балық анықталмады. Біз "Амангелді" өндірістік кооперативінде де болдық,  балық аулаумен айналысатын кәсіпорынның салған ауынан тірі балықпен қатар бірнеше өлі балық та шықты,  бірақ көп емес. Жайық жағасына барып, балықшылармен кездестік,  олар өзенде балық барын айтады, - деді Сәбит Нұрлыбай.

Мамандардың пікірінше, жергілікті тұрғындардың қазір Жайықта балық аздығы туралы алаңдаушылықтары негізсіз. Біріншіден, су температурасы қазір 2-4°С. Уылдырық шашу үшін су температурасы 10°С болуы керек. Екіншіден, уылдырық шашу миграциясына ағын әсер етеді. Ал оған бастауын Ресейден алатын жоғары жақтан су құйылуы керек, - деп түсіндірді Нариман Жүнісов.

Жиналыс қорытындысында ведомствоаралық комиссия мүшелері балық өлекселерін мұз толық еріп болғанша,  наурыздың соңына дейін жинап алу керек деген пікірге тоқталды.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев өлі балықтарды жинау шарасы 7 наурыздан бері өтіп келе жатқанын айтты. 10 наурыздан бастап бұл жұмысқа еріктілер қосылған. Осылайша 16 наурызда жалпыхалықтық сенбілік жарияланды,  оған қала,  облыс тұрғындары қатысады.

Қазір өзен мұзы ерігендіктен су сынамасы күн сайын алынып отыр. Су құрамы мен сапасы жіті бақылауда.

Айта кетейік,  Жайық өзеніндегі балық қырылу дерегі бойынша екі қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу жұмыстары жүріп жатыр,  кінәлілер анықталады. Полиция мен ветеринарлар балық өнімдерінің сатылу нүктелерін қадағалауда ұстап отыр. Балықтан, судан улану деректері тіркелген жоқ.  Өзен мұздан толық тазартылғаннан кейін жақын күндері арнайы жабдықтары бар балық аулау кооперативтері өзен суын өлекседен тазартады.

Ақмарал Шағатай

Өзгелердің жаңалығы