Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Спикер алдағы Парламент сайлауына қатысты БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
Осы орайда 20 сенатордың сайланатынын айта кеткім келеді. Тіркелген 64 кандидаттың ішінен тек төртеуі ғана – қазіргі сенаторлар. Олар былтыр құрылған жаңа облыстардың өкілдері. Сәйкесінше, біз қазіргі сенаторлардың ішінен ең көп дегенде 3-4 сенатор ғана сайланады деп күтудеміз. Қандай шешім қабылданатыны сайлау мен мәслихат депутаттарының дауыс берулеріне байланысты. Сайланатын сенаторлардың басым көпшілігі қоғамда сұранысқа ие жаңа адамдар, жаңа есімдер болады, - деп атап өтті Сенат спикері Сенаттың жалпы отырысынан кейін кулуарда журналистерге берген сұхбатында.
Айтуынша, ол жаңа есімдермен Орталық сайлау комиссиясының сайтынан танысуға болады.
Кеткен депутаттардың орнына жаңа адамдар келеді. Бұл өте маңызды. Жаңа адамдарды ұсынуға қажеттілік жоғары. Осы сұрақты әсіресе журналистер қауымы, қоғам өкілдері, саяси партиялар үнемі көтереді. Парламентті, Сенатты жаңарту қажет деген мәселе айтылып келеді. Біз жаңару процесі болып жатқанын көріп отырмыз. Келесі аптада мемлекеттік қызмет, бизнес, қоғамдық сала өкілдерінен жаңа 20 адам келеді. Тәжірибелі әріптестеріміздің кетуі адами тұрғыдан өкініш тудырғанымен, Сенатқа жаңа адамдардың келетіні қуантады. Олар палатамыздың жұмысына қарқын береді деп сенеміз. Жаңа идеялар, жаңа ұсыныстар әкеледі. Менің сіздерге – БАҚ өкілдеріне бір өтінішім бар. 20 шақты жаңа адам (депутаттар – ред.) келеді. Блогерлер, комментаторлар «танымал емес, халық үшін не істеді, оларды неге таңдады» деген сипатта жаза бастайды. Олар (жаңадан сайланатын депутаттар – ред.) өз өңірлерінде танымал, өз облысының, саласының өкілі. Орталықта танымал болмаса да, олар өз өңірінің, саласының дамуына үлес қосады. Олар неге танымал емес, саяси салмағы неге жоқ деп талап етудің қажеті жоқ. Түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз, - деді Мәулен Әшімбаев.