Әшімбаев Вьетнам вице-президентімен кездесті

12 Қазан 2022, 18:52
1020
Бөлісу:
Әшімбаев Вьетнам вице-президентімен кездесті

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Вьетнам Социалистік Республикасының Вице-Президенті Во Тхи Ань Суанмен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кездесу кезінде Сенат Спикері мәртебелі мейманға Вьетнам елінің делегациясы Астанада өтіп жатқан АӨСШК-нің VI Саммитіне қатысқаны үшін ризашылығын білдірді. Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев аталған елдің Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIІ Съезіне көрсеткен қолдауы үшін алғысын жеткізді. Діндер форумына Вьетнам будда сангхасы басқарма кеңесінің өкілдері белсенді қатысқанын айта кеткен жөн.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Қазақстан Республикасы мен Вьетнам Социалистік Республикасы арасында дипломатиялық қатынастың орнағанына 30 жыл толғанын, осы аралықта қалыптасқан өзара байланыстың даму қарқыны жоғары екенін атап өтті.

Қазақстан мен Вьетнам арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейде қалыптасқанын айрықша атап өткім келеді. Қазіргі таңда әлемдік қоғамдастық пандемиядан біртіндеп шығып жатыр. Соған байланысты іскерлік байланыстар қарқыны артып отыр. Осыған орай біз алдағы кезеңде парламентаралық ынтымақтастықты да нығайту үшін белсенді жұмыс істей аламыз, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ Сенат Төрағасы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде саяси, экономикалық және әлеуметтік салаларды жаңғырту үшін жүргізіліп жатқан ауқымды реформаларға тоқталды. Мәулен Әшімбаев еліміздің ішкі саясатындағы биылғы басты оқиға – Президент сайлауына да назар аударды. Ол 20 қарашада өтетін сайлау еліміздің саяси жүйесін қайта жүктеу жолыңдағы маңызды қадам екенін тілге тиек етті.

Өз кезегінде Во Тхи Ань Суан екі ел арасындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтудың және сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, сондай-ақ туризм бағытындағы өзара байланысты арттырудың маңызды екенін айтты.

Өзгелердің жаңалығы