Әшімбаев: Ұлттық құндылықтар – елдігіміздің айрықша нышандары

17 Қазан 2023, 17:46
924
Бөлісу:
Әшімбаев: Ұлттық құндылықтар – елдігіміздің айрықша нышандары
Фото: BAQ.KZ - Архив

Бұл туралы  Мәулен Әшімбаев «Ұлттық мүдде» диалог алаңында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Соңғы жылдарда Сенат ұлттық мүддені, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге баса мән беріп келеді. Палатамыз осы бағытта біраз бастаманы қолға алып, іске асырып келе жатыр.Солардың бірі – осы өздеріңіз қатысып отырған «Ұлттық мүдде» диалог алаңы. Біз осы алаң аясында зиялы қауымның басын қосып, елдік мәселелер бойынша пікір алмасамыз.Бұл бастамаға ұлт қайраткерлерімен қатар, жастарымыз да белсенді қатысады, - деді Сенат төрағасы.

Ол мұндай тәсіл ұлттық мәселелерді жан-жақты талқылап, толымды көзқарас қалыптастыруға мүмкіндік беретінін айтты.

Әлемде қазір әртүрлі күрделі үрдістердің белең алып тұрғанын білесіздер.Осы кезде ұлттық бірегейлікті сақтау, тарихи тамырымыздан ажырамау, жалпы айтқанда, қазақы қалыптан айнымау өзекті мәселеге айналып отыр. Бұл ретте өздеріңіздей азаматтардың жастарға беретін үлгі-өнегесінің маңызы зор деп білеміз,- деді Сенат төрағасы

Сондай-ақ ол, жалпы, ұлттық құндылықтар – елдігіміздің айрықша нышандары, бірегейлігіміздің негізі екенін баса айтып өтті.

Сондықтан Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұлттық құндылықтарымызды сақтауға, дамытуға және дәріптеуге үлкен мән беріп келеді.

Мемлекет басшысы бұл мәселеге Түркістан төрінде өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында да кеңінен тоқталғанын жақсы білесіздер. Сол жиында Президентіміз: «Елді дамытуға кедергі келтіретін нәрсенің бәрінен арылып, құндылықтарымызды нығайта түсуіміз қажет. Сонда ғана ұлттың жаңа сапасын қалыптастырамыз, сан ғасырлық мемлекеттілігіміздің тұғырын бекемдейміз», – деген болатын.

Бұл ретте, біздің ұлттық құндылықтарымыз, ең алдымен, тілімізге, тарихымызға, мәдениетімізге, дәстүрімізге және ата дінімізге табан тірейтіні анық, - деді Сенат төрағасы.

Сондықтан біз бірегейлігімізді сақтауда осыларға басымдық беруіміз керек.

Тіл – ұлттық дүниетанымның өзегі. Тіл болмаса, ұлттың өзіне тән келбеті жойылады.Бұл мәселе бойынша өздеріңіз де үнемі сындарлы пікірлеріңізді білдіріп келесіздер. Қазіргі таңда елімізде тілімізді тұғырына қондыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келе жатыр,- деді Сенат төрағасы.Ол алдағы уақытта ол жұмыстарды одан әрі жандандыруымыз керек екенін де ескертіп өтті.

Сонымен қатар, ұлттық бірегейлікті сақтауда тарихымызды жүйелі дәріптеу де аса маңызды.Тарих – ұлттың тағдыры. Онда біздің қиын да қилы жолымыз айқын көрініп жатыр. Біз одан тағылым алып, сол арқылы бүгінімізді байыптап, болашағымызды бағдарлаймыз,- деді Сенат төрағасы.

Оның айтуынша,  тарихты әрдайым терең білуге, оны сақтауға, әсіресе, өскелең ұрпаққа кеңінен дәріптеуге міндеттіміз.

Соның аясында Мемлекет басшысының тапсырмасымен біз Ашаршылық тақырыбы бойынша біраз архив құжаттарын жарияладық. Бүгінге дейін жеті том жинақ әзірленді. Бұл жұмыс жалғасатын болады. Мұның бәрі – ұлттық сананы жаңғыртудың тиімді құралдары.Сондай-ақ, мәдениетіміз пен дәстүрлерімізді сақтауға да айрықша назар аударған жөн, - деді Сенат төрағасы.

Ол, бұлар біздің ұлттық ерекшелігімізді айқын көрсететін құндылықтар екенін айтты.

Өкінішке қарай, осы асыл қазыналарымызға кейде тиісті деңгейде құрмет көрсетілмейтінін байқаймыз.Соның ішінде домбыраға қатысты мәселелер болғанын білеміз. Шын мәнінде, домбыра тек музыкалық аспап емес. Оның күмбіріне ұлттың рухы, дүниетанымы, тарихы мен тағдыры тұтас сыйып тұр.Бұл жерде халқымыздың классик ақыны Қадыр Мырзалиевтің «Қазақ – нағыз қазақ емес, Нағыз қазақ – домбыра» деген сөзі еске түседі.

Домбыра мен қазақтың қаншалықты егіз екенін осыдан асырып айта алмаспыз, - деді Сенат төрағасы.

Ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы өзінің осындай рухани келбеті арқылы бірегейлігін бекемдеп, тарих толқынына жұтылып кетпеген.

 Ұлттық бірегейліктің тағы бір тұғыры – дін екені сөзсіз. Дәстүр мен дінді бір-біріне қарсы қоюға болмайды. Халқымыз ежелден дін мен дәстүрді сабақтастыра білген.Көшпенді өркениетке тән ой еркіндігі, ашықтық, толеранттылық әртүрлі догмаларға бой ұрмауға мүмкіндік берген, - деді Сенат төрағасы.

Біз дін мәселесінде ата-бабамыз қалыптастырып кеткен және уақыттың сынынан өткен осы рухани жолымыздан жаңылмауымыз керек екенін де тілге тиек етті.

Ұлтымыздың ұлылары Абай да, Шәкәрім де, Алаш қайраткерлері де осыған үндеген. Сондықтан, өткенге құрметпен қарау, төл мәдениет пен дәстүрді бағалау – баршамыздың қастерлі борышымыз,- деді Сенат төрағасы.

Жалпы, қай кезде де, әсіресе жаһандық ахуал шиеленіскен бүгінгідей кезеңде ұлттық құндылықтарымыз – біздің бағдар ұстайтын темірқазығымыз болуы керек.

Сондықтан, бұл ретте бәрімізге маңызды міндет жүктеледі. Ол – ұлттық құндылықтарымызды барынша қорғау және дәріптеу.Әсіресе, заманауи тәсілдер негізінде оларды өскелең ұрпақтың санасына сіңіру маңызды деп есептейміз,- деді Сенат төрағасы.

Айта кетейік, бұдан бұрын Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Жастар арасында ұлттық құндылықтарды дәріптеу туралы мақаласын жариялаған болатынбыз. 

Өзгелердің жаңалығы