Сенатта Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауын іске асыру аясында «Қазақстан Республикасында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту» тақырыбына арналған Үкімет сағаты өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Палата Төрағасы Мәулен Әшімбаев атап өткендей, Жолдауда белгіленген экономикалық дамудың жаңа парадигмасына сәйкес шағын және орта бизнес ұлттық экономиканы дамытудың драйвері болуға тиіс. Сондай-ақ Сенат Спикері бұл бағытта іске асырылып жатқан жұмыстардың тиімділігін талдау және бизнесті қолдау шараларын қайта реттеу маңызды екенін айтты.
Біздің алдымызда тұрған мақсат – шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің деңгейіне, яғни 40-50 пайызға дейін жеткізу. Бұл мәселені шешу үшін шағын және орта бизнестің өнімділігін айтарлықтай арттыру қажет. Әзірге өңдеу секторындағы кәсіпорындар саны тиісті деңгейде өсіп отырған жоқ. Тиімді жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды іріленуге және ауқымын кеңейтуге ынталандыру керек, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар іс-шарада ШОБ-тың өңірлік диспропорция проблемасына және кәсіпкерлік қызметтің ірі аймақтар – Астана, Алматы қалалары мен Түркістан және Алматы облыстарында көп шоғырлануына баса мән берілді. Осыған байланысты Мәулен Әшімбаев жергілікті бизнесті ынталандыру үшін өңірлерді дамыту ерекшелігін ескерудің және өңірлік бағдарламаларды жетілдірудің маңыздылығын атап өтті.
Сенат төрағасы кәсіпкерлерге салық салу тәсілін және бизнестің бөлінуіне себеп болатын фискалдық саясатты қайта қарауды да ұсынды.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының төрағасы Райымбек Баталов салықтық жүктеме бойынша шағын бизнес форматынан орта бизнес форматына көшуді қолдап, бірқатар ұсыныс жасады. Атап айтқанда, ол мемлекеттік кірістер органдары цифрлық шешімдер мен сервистік тәсілді қолдануды ескере отырып, салықтық әкімшілендіруді реформалау мәселесіне назар аударды. Сондай-ақ Р.Баталов банктер тарапынан бизнесті несиелеу рәсіміне өзгерістер енгізуді ұсынды.
Үкімет сағатының қорытындысы бойынша талқылауда айтылған барлық мәселе назарға алынып, тиісті ұсынымдар әзірленді. Олардың қатарында арнайы салық режимдерінің санын қысқарту, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жеке кәсіпкерлер үшін зейнетақы аударымдары мен әлеуметтік төлемдерді қоса отырып, айналымның 3 пайыздық мөлшерінде бірыңғай төлем белгілеу сияқты мәселелер бар. Одан бөлек, депутаттар кәсіпкерлерге несие беру шарттарын жеңілдету шараларын да ұсынды. Нақты айтқанда, кепілсіз кредиттеуді не қала шегіндегі кепіл мүлкінің талаптарын алып тастауды және ауылдық жерлердегі кәсіпкерлер үшін оның бағалау құнын айқындау кезінде төмендету коэффициентін қолдануды алып тастауды қарастыру ұсынылды.
Іс-шара барысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, өңірлердің, іскер әйелдер қауымдастығы кеңесінің басшылығы мен өкілдері және тағы басқалары баяндама жасады.